Арқалық қаласындағы дала өлкесі тарихы облыстық мұражайының ұйымдастыруымен “Жас-Ұлан” балалар мен жасөспірімдер орталығында “Ел қорғаған - ер баба”атты тақырыпта Өтей батырдың портретін тапсыру рәсімінің салтанатты жиыны өтті.Жиынға қаламыздағы Ақсақсалдар мен аналар кеңесі, өлкетанушы Мұхтар Қоденұлы мен Шөптібай Байділдәұлы, айтыстың ақтаңгері Айбек Киікбайұлы, қала мектептерінің тарихшылары, білім ошақтарының студенттері, Архив пен кітапхана ұжымдары және Өтей батырдың ұрпақтары қатысты. Іс-шарада өлкетанушы Мұхтар Қоденұлы мен Шөптібай Байділдәұлы сөз алып, Өтей батырдың ерлік істері мен елдік мұратын насихаттады. Баба ерлігін дәріптеп, ата жолын ұлықтап жүрген батырдың ұрпағы Марат Якупов іс-шараның өтуіне мұрындық болып қана қоймай, батырдың портретін мұражай қорына тапсырды. Сонымен қатар Амангелді, Жанкелді мұражайларына, батырдың туған жері Қызбел ауылына да арнайы портреттің бірнеше үлгісін жасатып табыстады. Айта кетейік бұған дейін Өтей батырдың портреті Астана қаласындағы Әскери музейге, Қостанайдағы өлкетану музейіне тапсырылған болатын. Алдағы уақытта Өтей батыр қорымы орналасқан Атыраудағы Қызылқоға мекеніне де портреттің бір данасын сыйламақ ниетте.Батырдың портретін салған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі мүсінші Ұзақов Сапарбек Әбілбекұлы. Шара барысында батырдың ұрпақтары суретшінің арқасына шапан жауып, өз ризашылықтары мен құрметін білдірді. Суретшіде құр алақан келмей батыр ұрпақтарына арнайы дайындап әкелген Өтей батырдың мүсіншесін сыйға тартты. Батырдың ұрпақтары да арнайы сөз алып іс-шараның өтуіне ат салысқан мұражай ұжымына, Жас-Ұлан орталығына және барша жерлестер қауымына алғысын білдірді. Іс-шараның нүктесі батырдың құрметіне арналып шығарылған Дина Амированың “Өтей батыр” күйімен қойылды. Күйді орындаған Б.Байқадамов атындағы музыка мектебінің ұстазы Нұрхан Айдаров.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/435-el-or-a-an-er-baba-atty-ta-yrypta-tej-batyrdy-portretin-tapsyru-r-simi.html#sigFreeId4076eb94ec