«Елімнің бақыты – Тәуелсіздік»
25 қазан – Республика күніне орай «Елімнің бақыты – Тәуелсіздік» атты аға буын өкілдерінің жас ұрпақпен кездесуі форматында тағылымды дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ел тарихына деген құрметті арттыру, Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін ұғындыру және ұрпақтар сабақтастығын нығайту.
Дөңгелек үстелге Амангелді ауданының құрметті азаматы Нұрғожин Балға, Амангелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дауылбаев Есім, мемлекеттік қызмет ардагері Әлшорин Сейдеғалым және Ы. Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің 7-сынып оқушылары қатысты.
Кездесу барысында ел ағалары Тәуелсіздіктің тарихи маңызы, еліміздің қалыптасу жолы, мемлекетіміздің жетістіктері мен бүгінгі ұрпақтың алдындағы жауапкершілігі туралы ой қозғады. Аға буын өкілдері өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, жас ұрпаққа елін сүюге, Отанын құрметтеуге, білімді де саналы азамат болып қалыптасуға бағыт-бағдар берді.
Оқушылар да өз ойларын ортаға салып, қонақтарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Еркін пікір алмасу арқылы оқушылар тәуелсіздіктің оңай келмегенін, бейбіт өмір мен ел бірлігінің баға жетпес құндылық екенін тереңірек түсінді.
Тағылымы мол кездесу жас ұрпаққа үлкен ой салып, аға буынның өнегесін насихаттауға, ұлттық рух пен патриоттық сезімді нығайтуға ықпал етті.
Тәуелсіздік – ата-бабамыздың асыл арманы, бүгінгі ұрпақтың бақыты, келер ұрпақтың аманаты!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!