15.10.2020 ж. А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық музейіне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» тақырыбы бойынша жүзеге асырылатын Мәлік Ғабдуллиннің 105 жылдығына және Мәлік Ғабдуллин музейінің 25 жылдығына арналған Көкшетау қаласы Мәлік Ғабдуллин музейінен «Батырлар даңқы ұрпаққа өнеге» атты ғылыми-экспедициясы келді. Экпедиция құрамында жетекшісі ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Журналистер одағының мүшесі, М. Ғабдуллин музейінің директоры – Құдайберлі Рахымбекұлы Мырзабек, аға ғылыми қызметкері – Махметова Аягөз Мұратқызы, ғылыми қызметкері – Айтмағанбетова Балым Серікқызы болды. Мақсаты - Торғай өңіріне Мәлік Ғабдуллиннің тұлғасын дәріптеп, өнеглі өмірін насихаттап, музей қызметімен таныстыру және майданға аттанған қазақ жауынгерлеріне ұран болған Амангелді батырдың елі Торғай өңіріндегі тарихи тұлғаларға қатысты нысандарды аралау, ел аузындағы аңыз-әңгімелерді жинақтау. Экпедицияны Аманкелді ауданы Тасты ауылы тұсынан А.Иманов музейі қызметкерлері мен Торғай мұражайлар кешені басшысы Гүлбану Құлетқызы қарсы алып қасиетті мекендер – Кейкі батыр кесенесін, аудан орталығында сүйегі жерленген Амангелді батыр ескерткішін, Сатыбалды Ишан кесенесін аралатып, құран бағыштады. Содан соң батыр атындағы музейге келіп ақсақал ардагерлерімен кездесіп, Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін «Ғажайып өмір баспалдақтары» атты жылжымалы көрмемен таныстырды. Құдайберлі Рахымбекұлы музей қорына «Мәлік Ғабдуллин – қазақтың оқжетпесі» кітап-альбомын, айтыскер-ақын өзінің «Сұркөжек» өлең-жырлар жинағын және әріптестерінің ақынның 50 жылдық мерейтойына арнап шығарған «Айтыскер ақын азамат» естелік кітабын сыйға тартты. Іс-шара соңында А.Иманов музейінің құрылғанына 50 жыл толуына орай шығарылған «Уақытпен үндескен өңір» атты жинақ кітабы келген қонақтарға ескерткіш ретінде табысталып, музейдің экспозициялық залдарымен, атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/190-batyrlar-da-y-rpa-a-nege-ylymi-ekspeditsiyasy.html#sigFreeId10034fa74e