Қазақ халқының тарихында ел бірлігі мен әділдікті ту еткен билердің орны ерекше.Солардың қатарында өз заманының көрнекті тұлғасы,әділдігімен,шешендігімен танылған Тайшығара би Байғұлұлы.
Байғұлұлы Тайшығара (1821, бұрынғы Торғай уезі Жалдама бойындағы Амантоғай ауылы - 1913, сонда) - би. Кіші арғынның қараман руынан. Кенесары Қасымұлының көтерілісінде жүзбасы болған бидің лақап аты - «Ұзын қара». Мұхтар Ходенов ағаның 1996 жылы жарыққа шыққан «Қараман Тайшығара» деген кітабы бар. Мұнда бұл кісі туралы деректердің Ы. Алтынсарин шығармаларында айтылатыны, қызметі «старшын» деп көрсетілгені баяндалады. Тайшығара батыр аймақтағы Есет батыр балаларын қозғалысына да қатысып, ержүректілігімен де көзге түседі. 1855 жылы ғана бейбіт өмір сүруге көшіп, елге келеді де, Ұзынқоғадағы ағайынының басын біріктіріп, жағдайын түзейді. 1890 жылы ата қонысы Жалдаманың бойына келіп, ауыл балалары үшін оқу орнын ашады. Баласы Әбдірахман дін жолына түсіп, қажылық парызын өтеп қайтады. Тайшығара би жанына діни сауатты әрі ғұлама Жаппасбай деген кісіні алып, өзі ұйымдастырған білім ошағына басшылық жасатады. Оның мектебінен сауат ашып, білім алған жастар Торғай кентіндегі екі сыныптық Иванов мектебіне оқуға түсіп, білімдерін одан әрі жалғастырады. Ел есінде Тайшығара бидің жер дауына араласып, әділ билік жасағаны жөнінде тарихи әңгімелер көп. Тайшығара би ұлық, шонжарларға жалтақтамай, ел мүддесін қорғап, қай-қайсына да батыл түрде қарсы шығады. М. Ходеновтың кітабында бұл туралы жан-жақты жазылған.
Тайшығара би ХІХ ғасырда ел ішіндегі даулы мәселелерді әділ шешіп,халық бірлігі мен татулықты сақтауға зор үлес қосты.Оның парасатты билігі мен өнегелі сөзі ұрпаққа үлгі болып,халық жадында сақталып келеді.










