Елімізде 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жаряланғаны бәрімізге белгілі.Жұмысшы мамандықтар елдің экономикасында маңызды рөл атқарады. Амангелді ауданында еңбекқор жандар аз емес, солардың ішінде ерекше көзге түсетіндердің бірі - кәсіпкер Айтмағанбетова Перизат Нұрланқызы. Ол ұзақ жылдық еңбегі мен талпынысының арқасында торт пісіру ісін дамытып, аудан халқына танымал тәтті шеберіне айналған. Перизаттың шағын ғана цехы аудан орталығында орналасқан.Оның жасаған торттары - өз ісіне деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Әр торттың әр бөлшегі, әр әшекейі - қол еңбегінің, талғамның, жауапкершіліктің белгісі. Кәсіпкер Перизат ең алғаш шағын кәсібін өз үйінде 2019 жылы бастайды.Кәсібі алға жүріп,тапсырыстар көбейіп,пісірген тәтті өнімдері халықтың көңілінен шығып, сұраныс артады. 2020 жылы Мемлекеттен қайтарымсыз грант 500 мың теңге қаражат алып торт пісіретін түрлі пештерін, қажетті құрал - жабдықтарын сатып алады.Қазіргі уақытта тапсырыстың артуына байланысты,кәсібін кеңейтіп аудан орталығынан«Перизат тәттілері» атты жеке кондитерлік цехын ашып,өз кәсібін жүргізіп отыр. Тұрғындардың тапсырысымен кез келген торт түрлерін пісіреді. Түрлі тәтттілер пісірумен қатар қазіргі уақытта тұшпара,манты сияқты жартылай дайындалған өнімдерді халыққа ұсынып отыр. Өз кәсібін дұрыс жолға қойған Перизат сонымен қатар,ауданымыздың 5 тұрғының жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Перизат үшін еңбек - өмір мәні. Әр адамның қуанышына тәтті сыйлық ұсыну - оның күнделікті міндеті емес, жүректен шығатын қызметі. Осындай еңбек адамдары ауданымызда жергілікті кәсіптің дамуына жол ашуда.