6.07.2025 күні мәдениет жанашыры, қоғам қайраткері, халық батыры атындағы музейдің негізін қалаушы, алғашқы басшылардың бірі Жаңбыршы Жаңғабыловқа арнап, А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық музейі қабырғасына мемориалдық ескерткіш тақта қойылды.
Жанғабылов Жаңбыршы 1911 жылы 1 шілдеде қазіргі Қостанай облысы Амангелді ауданында дүниеге келген. Ес білген шағынан еңбекке араласып, алғаш комсомол жастар ұйымын құрды. Жастар бөлімінің меңгерушісі, кейін жоғары партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінде қызмет атқарған. Аудандық партия комитетінде нұсқаушы бола жүріп, 1930 жылдары «Социалистік шаруа» газетінде әрі баспагер, әрі редактор қызметін атқарған. Соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, майданға самолет жасатуға қаржы жинап, киім-кешек жібертіп отырған. 1950 жылдары соғыстан тұралаған елді қалпына келтіру жолында аянбай еңбек етіп, «Ленин» колхозын құрған. Еңбекққор, іскер басшы Кемер ауылынан малшы-шопандардың балаларына арнап мектеп-интернат салдырып, «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған.
Зейнет жасына келіп қалған білікті басшыны Өзбекәлі Жәнібеков кездесуге шақырып, Амангелді Иманов мұражайын ашу қажеттігін алға тартады. Жанғабылов Жаңбыршы Мәскеу, Ленинград, Алматы қалаларына барып мамандар жинады. 1916 жылға қатысқан сарбаздардың жеке заттарын, фото суреттерін жинап, ұстаханаларда соғыс қаруларының үлгісін жасатты. Сөйтіп халық батыры Амангелді Иманов атындағы мемориалдық мұражайдың негізін қалады. 1973 жылдан 1980 жылға дейін үздіксіз 7 жыл музей директоры болып қызмет атқарды. Көп жылғы еңбегі еленіп, «Құрмет белгісі» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «В.И.Лениннің туғанына – 100 жыл»және бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған. Іс-шара барысында көз көрген замандастары Мұхтар Ходенов, 30 жылға жуық музейді басқарып, ізін жалғаушы Ұлмекен Ибраева, ұрпақтары атынан қызы Ғалия Жаңғабылова өмірі өнегеге толы тұлға жайлы естеліктер айтып, жылы лебіздерін білдірді.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/522-m-deniet-zhanashyry-o-am-ajratkeri-zha-byrshy-zha-abylov-a-memorialdy-eskertkish-ta-ta-ojyldy.html#sigFreeId195fef35b2