Баймолдина Балқия Қайырбайқызы 24 ақпан 1940 жылы Қостанай облысы Федоров ауданындағы Андреевка ауылында дүниеге келді. 1949 жылы Первомай мектеп табалдырығын аттап, 1957 жылы 8 жылдық мектепті аяқтады.
Алғашқы еңбек жолын Первомай совхозында құс фабрикасынан құс өсіруден бастады. 1959 жылы Қостанайдан аспаздық курста оқып, “аспазшы -кулинар” мамандығы игергені туралы куәлік алды.
Балқия Қайырбайқызы 1960 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, “Коммунизм жолы” совхозына жолдамамен аспаз болып орналасты. Еңбек жолында жас маман өз ісіне адал, жауапкершілігі мол, еңбекқорлығымен көзге түскен. 1963 жылы Баймолдин Нуримен шаңырақ құрды. Отбасындағы алты ер бала, бір қыз баланы аялап өсіріп жеткізді. Ардагер ана “Күміс алқа” медалімен марапатталды. 1964 жылы “Коммунизм жолы” совхозында сүт фермасына сауыншы болып орналасты. Зейнетке шыққанша осы салада еңбек етті.
Бармағынан бал тамған озат сауыншы қиындығы мен қызығы мол сауыншылық іс тәжірибесімен бөлісіп, 1974–1981 жылдар аралығында жас комсомолдар сауыншылар бригадасына жетекшілік етті.
Өз ісінің шебері Балқия Қайырбайқызы аудан, облыс бойынша бірнеше жылдар бойы “Үздік сауыншы” атағын иеленді. Ерен еңбегі үшін көптеген марапатқа ие болды. Бірнеше мәрте аудандық, облыстық, республикалық мақтау қағазымен марапатталған. Адал және көпжылғы табысты еңбегі үшін “Құрмет белгісі” орденімен, 4 дүркін “Еңбектегі ерлігі үшін” медалімен марапатталған. Үш мәрте ауылдық, облыстық кеңес депутаты болып сайланған.
Балқия Қайырбақызы 2007 жылы 12 қазанда дүниеден өтті.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/517-bajmoldina-bal-iya-ajyrba-yzy.html#sigFreeIdb424b9b192