Ерғалиев Тоқтар 1936-шы жылы 11-ші қыркүйекте Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Калинин колхозының Жаңатұрмыс елді мекенінде дүниеге келген. Сол өңірдегі орталау мектепті бітірісімен аудан орталығындағы механизатор дайындайтын арнаулы 8 айлық курсты оқып, көп ұзамай тракторшы мамандығын алып шығады. Содан қайтадан туып-өскен өз ауылы Жаңатұрмысқа келіп, механизатор болып еңбек етеді. Жастайынан ауылдың тыныс-тіршілігіне етене қанық болғандықтан ол сол аралықта аянбай еңбек етіп, адал қызметінің арқасында ел құрметіне бөленеді. Яғни, жаз бойы қоғамдық малдарға жем-шөп әзірлеумен айналысып, қыс уақытында малшы-шопандардың қыстақтарына жол ашып, ал көктем шыға оларды қырға көшіріп, жүктерін тасымалдап, қоныстандырумен айналысады. Міне осындай қажырлы еңбектерінің арқасында 40 жыл үздіксіз еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп,1972-ші жылы сол уақыттағы Үкіметтің жоғарғы наградасы «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Ал, 1976-шы жылы Үкіметтің тағы бір жоғарғы наградасы болып саналатын, «Ленин» орденін кеудесіне тағады. Бұлардың сыртында оған дейін де аудандық отбасылық партия комитеттерінің Құрмет грамоталары мен жүлделі сыйлықтарға ие болып жүрді. Аудандық партия комитетінің Пленум мүшесі болды. Озат тәжірибелері көпшілікке кеңінен насихатталынды. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі жиындар мен конференцияларға шаруашылық атынан ұдайы делегат болып сайланып жүрді.

Тоқтар Ерғалиевтің тағы бір ерекшелігі, еңбек ете жүріп, спорт саласы, оның ішінде қазақша күрес түрімен айналысты. Бұл бағытта да әр түрлі деңгейдегі аудандық, облыстық және республикалық сайыстарға қатысып, чемпион атақтарын иеленді. Ал 1966-шы жылдары орта салмақта қазақша күрестің республикалық жеңімпазы атанып, мойнына алтын алқа тақты. Ол сонымен қатар, отбасы және бала-шаға тәрбиесіне де көңіл бөле білді. Үйленіп, жұбайы екеуі дүниеге 8 бала әкелді. Оларды оқытып, үйлендіріп, қатарға қосты. 2005-ші жылы 1-ші қаңтарда 66 жасында қайтыс болды.