1941 жылы Қостанай облысы Жетіқара ауданында дүниеге келген. 1957 жылы Амангелді орта мектебін бітірген соң, Семиозер (Әулиекөл) кәсіптік техникалық училищесіне түседі. 1959 жылы Абай атындағы совхозда механизатор болып жұмыс істейді. Ерте жастан еңбекке араласып, өзінің іскерлігімен көзге көрінген жас жігіт комсомол ұйымының жолдамасымен шопандыққа барады. Алдына жеке отар алып, қой бағады. Енді өз еңбегінің жемісін көріп, игілікті істері ауызға іліне бастағанда Совет Армиясы қатарына шақырылады. Ол кезде Отан аллдындағы азаматтық борышты өтеу ер балалар үшін орасан мәртебе еді. 1964-67 жылдары Украинаның Полтава облысы Кременчук қаласында әскер қатарында қызмет етті. 1996 жылға дейін Абай атындағы совхоздың Айтбай ауылында бас шопан болды. Әнуарбек Шәкірұлы қызмет атқарған шаруашылық салаларында өзін ұйымдастырушылық қабілеті мол, талапшыл азамат ретінде көрсете білді. Қой шаруашылығын дамытуда және совхоздың экономикасы мен мәдениетін көтеру мақсатындағы қол жеткен жетістіктері үшін «Құрмет белгісі» орденімен, ІІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталды. Бірнеше рет аудандық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі, бюро мүшесі, аудандық, облыстық советтердің депутаты болып сайланды. Өзінің адал еңбегімен туған жерінің гүлденуіне Әнуарбек Шәкірұлы бір кісідей күш жұмсады. Әсіресе, 90 жылдары шаруашылық әлсірей бастаған кезде ол қиындыққа қасқайып қарсы тұра білді. Малын шашыратып алмай, өсім берді. Жекешелендіру бастаған кезде өзіне тиесілі малдарын қалдырып, артығын шаруашылықтың ортақ мүлкіне қосты. Тұрмысы төмен отбасыларына мал төлімен көмектесті. Осындай адамгершілік қадамына ауылдастары дән риза болды. Еліне сыйлы болған еңбек адамы, жүрегі жомарт биік азамат 1996 жылы құрметті демалысқа шығып, Астана маңындағы Қабанбай батыр ауылына деген сағынышын бір сәт жасыра алмады. Егде тартқан адамға бір жерден бір жерге қоныс аудару қиын екенін өзі ғана түсінді. Ол 2010 жылы 69 жасында өмірден өтті. Жұбайы Жаңылсын Күленқызы екеуі 5 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі уақытта балалары Астана қаласында тұрады.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/488-auymbaev-nuarbek-1941-2010.html#sigFreeId5efc3cdf7d