1940 жылы 3 наурызда Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Киров ауылында дүниеге келген. Он жылдықты бітіріп, Әулиекөл ауданындағы механизатор даярлайтын курсты оқиды. Серік Князов механизатор куәлігін алғаннан кейін, Айтбай елді мекеніне келіп, тракторшы болып жұмыс істейді. Үздік еңбегімен көзге түсіп, мақтау грамотасымен марапатталады. 1959 жылы Совет армиясы қатарына алынып, 1963 жылы әскери борышын өтеп, елге оралады. Сол жылы жігерлі де ысылған жас жігіт өз алдына шаруашылықтан 600 бас қой алып, шопан атанады.
Жас шопан алғашқы жылы мал басын көбейтуде ерен істерімен көзге түсіп, оның кеудесінде «Ерен еңбегі үшін» медалі, содан соң «Құрмет белгісі» ордені жарқырады. Торғай өңірінде еңбегі жанған атақты шопан атанып, 1973 жылы мемлекеттің ең үлкен наградасы «Ленин» орденімен марапатталады. Сол жылы туристік саяхатпен Сауд Арабиясына тегін барып қайтады.
Серік Князов 26 жыл шопан болып, 1995 жылы құрметті демалысқа шығады. Өз бақытын осындай еңбектен тауып, өмірдің зейнетіне бөленіп отырған ол, жұбайы Әлимә екеуі 11 баланы тәрбиелеп өсірді. Әлимә Алтын алқалы ана атанады. Екеуі ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан немере, шөбере көрді. 2020 жылы 80 жасында өмірден өтті.
PS: Жоғарыдағы деректер, фотолар мен құжаттар А.Иманов атындағы мемориалдық музейдің қорынан және еңбек адамының ұрпақтарынан алынған.
#еңбекадамы