Кеңес Одағы уақытында халыққа еңбегі сіңген қайраткер - Досов Төлен Қапарұлы, 1927 жылы 20 - шы мамырда Амангелді ауданы, қазіргі Қосжан ауылында дүниеге келген. Атасы Дос 1916 жылғы Ұлт - азаттық көтерілісте мыңбасы болған Қосжан Маңыбайұлымен бірге туысады. Дос байларды қудалау кезінде репрессияға ұшыраған. Қапар 1941 жылы Ұлы Отан соғысында қаза тауып, 13 - 14 жасында Төлен әкесіз қалады. Қапарұлы Төлен 1932 жылы ашаршылық уақытында не бәрі 5 жаста болатын. Бар ауыртпашылық өз мойнына түскен ол 14 жасынан тылда еңбек етіп, анасы және бауырларына қамқор болады. Еңбек жолын 1954 жылы етік шебері болудан бастайды. Кеңес Одағы кезінде елді етікпен қамтамасыз етіп, халықтың алғысын алып, үлкен жетістіктерге жеткен. Ол кісінің қолынан сапалы етіктер мен мәсілер шыққан. 1991 жылға дейін Халықты тұрмыстық өтеу комбинатында жұмыс жасап, сол жылы зейнетке шығады. Қалған өмірін отбасына арнайды. 1954 - 1991 жылдар аралығында еткен еңбегі еленіп көптеген марапаттарға ие болған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Қаз КСР - нің еңбек сіңірген тұрмыс қызметі қызметкері», «Республикаға сіңірген еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Ударник 10 пятилетки» белгісімен марапатталған. 1981 жылы есімі Республикалық «Құрмет тақтасына» ілінген. Жары Кержекеева Раушан Жалғаспайқызымен 46 жыл отасып, 16 ұрпақ сүйіп, бес баласын жер қойнауына тапсырған. 11 баласынан немере - шөбере көріп, 2000 - шы жылы желтоқсан айында 73 жасында өмірден өткен.
PS: Жоғардағы деректер мен фотолар, құжаттар А.Иманов атындағы мемориалдық музейдің қорынан және еңбек адамының ұрпақтарынан алынған.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/478-dosov-t-len-apar-ly-1927-2000-zhzh.html#sigFreeId2c80481b41