2024 жылдың маусым айының 18 - 22 күндері Қостанай қаласынан арнайы Амангелді ауданының қазіргі этно - демографиялық және әлеуметтік - экономикалық жағдайын мониторингілеу мақсатында экспедициямен Қостанай облыстық тарихи - өлкетану музейінің қызметкерлері келді. Құрамында ғылыми хатшы Оташева Н.Қ, қорды есепке алу және сақтауды ғылыми - зерттеумен қамтамасыз ету бөлімінің меңгерушісі Әзірханова Д.Т, қор сақтаушы Сейдахметова М.Ж, экскурсиялық және мәдени - білім беру жұмыстары бөлімінің экскурсия жетекшісі - Мұханбетқали Т.З. Аталған экспедицияға музей қызметкерлері қолдау көрсетіп, Амангелді ауданындағы Үрпек, Ағаштыкөл, Қарашатөбе, Қоғалыкөл, Тасты, Амантоғай, Қарасу, Құмкешу, Байғабыл ауылдарына бағыт - бағдар жасады. Сонымен қатар «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты арнайы жобасы аясында Кейкі батыр, Құтан әулие, Сатыбалды Ишан, Құлке қажы, Күмісбай әулие кесенелері, 1916 жылғы Торғайдағы көтеріліс кезіңдегі шайқастар өткен жерлер, Қоғалыкөл ауылындағы Әбдіғаппар Жанбосынұлы хан болып сайланған қызыл үйдің орны, Үрпек ауылындағы А.Имановтың штабы, Амангелді ауданында салынып жатқан көпфункционалды туристік кешен таныстырылды. Одан кейін, экспедицияның жұмыс жоспарына сәйкесті ауылдардағы өлкетанушылар, дәстүрлі әншілер, қолөнер, ағаш шеберлері, ұста, зергерлермен, сұхбаттар өткізіліп, музей қорына жәдігерлер жинақталды.