31 мамыр - Ашаршылық және саяси репрессия құрбандарын еске алу күні қарсаңында 30.05 күні А.Иманов музейінде жазықсыз, қуғын – сүргін көрген Әлшорин Шіменбайдың 110 жылдығына орай «Зұлмат жылдар зардабы» жобасы аясында дөңгелек үстел өтті. Мақсаты: саяси репрессия және ашаршылық қасіретінен, құрбан болған бабаларымызды еске алу, рухына тағзым ете отырып, өскелең ұрпақтың санасына отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиеттерді сіңіру. Тағылымды іс-шараға Әлшорин Шіменбайдың баласы Әлшорин Сейдеғалым және саяси қуғын-сүргін көрген Амангелділіктердің ұрпақтары, Амангелді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Есім Жетпісбайұлы және аудандық бір топ ардагерлер, орта мектептің тарихшылары іс-шараға қатысып, зобалаң жылдардағы оқиғалар жөнінде деректермен бөлісті.
Іс-шарада Алшорин Шіменбай Бақбергенұлының ұрпақтары дайындаған видео-фильм көрсетіліп, жазықсыз қуғын-сүргінде жүрген кездегі шығарылған өлең жолдарын «Руханият» үйірмесінің оқушылары оқыды. Сонымен қатар, А.Иманов атындағы мемориалдық музейдің басшысы Кәмшат Жарылғапқызының және Әлшорин Сейдеғалымның үш жыл қатарынан жемісті еңбегінің нәтижесінде шығарылған 1920-1950 жылдары саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Амангелділіктердің тізімі жазылған «Тарихтың тауқыметті жылдары» тақырыбында кітапша көпшілік назарына ұсынылды. Одан соң, музейдің қорында сақталған ашаршылық және саяси қуғын – сүргін көрген жерлестеріміздің фото-суреттері мен деректері қойылған «Зұлмат жылдар зардабы» және Шіменбай атамыздың жүріп өткен жолдары баяндалатын «Әлшорин Шіменбайдың туғанына – 110» тақырыбында көрмелер келушілер назарына ұсынылып, жазықсыз қуғын сүргін көріп, құрбан болған ата-бабаларымыздың рухына құран бағышталды.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/447-31-mamyr-asharshyly-zh-ne-sayasi-repressiya-rbandaryn-eske-alu-k-ni.html#sigFreeIdd1f1f88483