Көтеріліс мемлекетінің құрылуы мен нышандары

 

Алдында айтқанымыздай наразылыққа себепші болған факторлар ел ішінде көтерілістің басталуына ұласты. Бір сойқанның боларын сезген, көпті көрген көнекөз қариялар ел басына төнген мына сұрапылдан тыс қала алмады.  Олар дүрліккен елді бір ізге салып, оң бағыт беруге бел шеше кірісті. Толқыған халықты бірігіп іс-қимыл жасауға шақырғандардың басында Төке Сүтібаев, Шымберген Байғабылұлы, Байқадам Қаралдин болды. «Әскерге адам бермейміз» деген ел сөзін арқалап, патша жарлығын қайта қарату үшін Орынбор, Петроградқа делегация жабдықталды. Делегация құрамына Торғай уезінен Тоқмағамбетұлы Смайыл, Төкеұлы Смағұл, Қабақұлы Сейіл, Тоққожаұлы Бижан, Иманқұлұлы Әбдірахман, Көтібарұлы Тоймағамбет, Тоқмұхамбетұлы Смағұл, Сүтемгенұлы Жәкен, Ырғыз уезінен Жанша Сейдалин, Исатай Сатыбалдыұлы кірді. Өкінішке орай, сапар сәтсіз аяқталды. Ел ішінде патша саясатын қолдаушы топтар оған қарсы шығудың  қисынсыз екенін алға тартып, халықты жарлықты орындауға үгіттей бастады. Бірақ, жұрттың беталысы басқаша еді. Бастапқыда наразылық Торғай уезінің арғындар қоныстанған Тосын болысында көтеріліп, Оспан Шолақұлы бастаған топ  өз болыстары Жақып Дәуренбекұлынан «қара» тізімді тартып алды.  Көп ұзамай Майқарау, Сарықопа, Наурызым, екінші Наурызым болыстарының да халқы көтерілді. Уездің қыпшақтар қоныстанған Қайдауыл, Аққұм, Қараторғай, Сарыторғай, Қарақопа болыстарында ашынған жұрт атқа қонып, қолдарына сойыл, шоқпар, балта ұстап, жан-жақпен хабарласты. Данагөй қарттар, ел ақсақалдары, би-шешендер  жер-жерден жиналып жатқан сарбаздардың басын қосып, көтерілісшілерді бір орталыққа бағындыру керектігін түсінді. Көтеріліс басталып, патша өкіметінен оның жергілікті әкімдеріне бағынбайтын болғандықтан көтерілісшілерге өз өкімет билігін, соның ішінде қазақтардың ежелгі мемлекеттік құрылымы – хандық өкімет құру қажет болды. 1916 жылғы 21 қазанда Жалдама өзенінің бойында Торғай көтерілісшілерінің құрылтайы өтіп, оған 6 болыс арғынның, 6 болыс қыпшақтың, 1 болыс найман барлығы 13 болыстың өкілдері қатысты. Торғай көтерілісшілерінің құрылтайын ұйымдастырушылар:  Бүркітұлы Бекіш, Бүркітұлы Мұхамеджан, Биғайұлы Дүйсеке, Баймұратұлы Айтқұл, Дәбейұлы Бердібек, Жанқожаұлы Жалмағамбет, Шоңұлы Ахмедия, Күлбас, Досан, Доспан, Бижан, Әбіш молда, Садуақас Жанбосынұлы, Әбдіхалық Жанбосынұлы. Он үш болыс елде 17500 үй, 85 мыңдай адам болған. Орта есеппен әр болыста 1300-ден астам үй болған. Майдан қара жұмысына алынатын 19 бен 31 жастың арасында 12 мыңнан аса жігіт болған. Көтерілістің негізгі құрамы болып сарбаздар сапын түзеген осы жастағылар. Әр болыста бір мыңбасы, әр ауылнай елде бір жүзбасы сайланған. Бірақ, бұл мыңдықта дәл сол аталған мөлшерде сарбаз болды дегенді білдірмейді. Ол кейде 500-700, кейде мың сарбазға дейн жеткен. Құрылтайда Әбдіғапар Жанбосынұлы Торғай уезінің ханы, Амангелді Үдербайұлы көтерілісшілердің бас қолбасшысы – Сардарбегі болып сайланды. Уездегі барлық билік Әбдіғапар ханның құзырына көшіп, 50 мыңнан астам адамдардан тұратын көтерілісшілер жасағы ондықтар мен жүздік, мыңдықтарға бөлінді, әрқайсысын сол рудан шыққан ержүрек азаматтар басқарып, онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы болып белгіленді. Ордада хан кеңесі құрылды. Хан аталығы болып Байғабылұлы Шымберген, Сүтемгенұлы Сүйін сайланды. Торғайдың осы жиынында ақ кигізге салып хан көтеріп, сардар болып сайланған Әбдіғапар мен Амангелдіге атақты шешен Қараман Досай қажы ұзақ жырмен бата берген.

Көтерілісшілер өз өкіметін ұйымдастырғаннан кейін оның мемлекеттік нышандарын да ұмыт қалдырмаған. Қыпшақтың 6 болысынан: Жалдама, Қайдауыл, Сарыторғай, Қараторғай, Аққұм болысының жігіттері 5 ту ұстап, түгел жиылды. Қайдауыл болысының жігіттерін батыр Иманның қызыл шұбар туын ұстап, Амангелді бастап келді.

Көтерілісшілер үкіметінің шешімімен ел шаруашылығын басқару, сарбаздарды ат-көлік, қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету әр ауылда, болыста сайланған ел билеріне, соғыс ісі жүзбасы, мыңбасыларға жүктелді.  Сарбаздарды әкімшілік-территориялық бөлініске сай құру – оларды дер кезінде жинауға, шайқастарға әзірлік сапта ұстауға мүмкіндік берді. Әрбір сарбазды ат-көлік, қару-жарақпен, азық-түлікпен өз әулеті қамтамасыз етті. Сондай-ақ, жергілікті жерлерде Елбегілері тағайындалып, көтерілісшілерді жиырма адамнан тұратын халық өкілдерінің кеңесі арқылы басқарды. Бұл кеңес әскери, әкімшілік, шаруашылық, қорғаныс мәселелерін шешетін басқару орталығы болды.

Көтерілісшілер өз жерінің ұланғайыр кеңдігін стратегиялық, тактикалық мақсаттарға жақсы пайдаланып, Кенесарының ұрыс әдіс-тәсілдерін сәтті қолдана білген. Әбдіғапардың әу бастан-ақ «қаша ұрыс салып, патша құлағанша шыдап бағамын» дегені осының дәлелі. Патша әскері келеді деген жолдарға сол жақтағы болыстардың сарбаздары қарсы қойылған. Бұл негізгі күштерді топтап, бір жерге жинау үшін керек еді.

Торғай көтерілісшілері тактикасындағы тұтқиылдан шабуыл жасау, жер ыңғайын тиімді пайдалану, барлаушы топпен тығыз байланыс жасап, әскер шетіне араласып кетуге күш салу сияқты әскери тактиканы қолдана айла-әдісін қолданды. Бәрі алдағы шайқастың көлеміне, қарсыластың құрамына, жер жағдайына, майдан даласының ыңғайына байланысты болған. Сонымен, көтеріліске кедейлер мен бірге орта шаруалар да белсене қатысты. Бұған дәлел көтерілісті ұйымдастырушылар мен басқарушылар, мыңбасылар, ақыл-парасатты ақсақалдар, атқамінерлер мен билер. Жиналған сарбаздарды соғыс өнері мен жаңа қаруларды игеруге Никита Крокотов пен Николай Токарев жаттықтырған.

Көтеріліс кезінде ислам діні де  халықты ұйымшылдыққа, бірлікке шақыруда елеулі роль атқарды. Көтеріліс басталарда, қанды шайқас күндерде де сарбаздар Дулығалы Жыланшықтағы Бердікей ишан, Үрпектегі Сарбас қажы мешіттерінде сарбаздар намаз оқыған. Әр шайқасқа аттанарда сарбаздар салауат айтып, жаратушысына жалбарынып, әруаққа, әулие-әмбиелерге сыйынып барып аттануды жоралғыға (ритуал) айналдырған. Бұл істі сарғаскер Әбіш Рысбайұлы бастаған молдалар жүзеге асырған. Ұйымшылдық пен табандылықтың үздік үлгісін көрсете білген Торғай көтерілісінің осы ерекшеліктері зерттеушілерді де таңқалдырған еді...

 

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Бөгетбай Әлмағамбет «Торғайдағы азаттық көтерілісі» «СаГА» 2017 ж
  2. Уәли Хайруллин «Тағылымды шежіре». Арқалық қаласы -2002
  3. Мақсұтбек Сүлеймен. «Әбдіғапар Жанбосынұлы» Павлодар -2017ж
  4. Дина Әбішева «Сарғаскер Әбіш» Алматы, «Алуа» ЖШС-нің баспасы, 2022 ж

А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық музейі