Есте қалар мәңгілік

 

Бүгін белгілі жазушы – журналист Дінәш Қанапияұлының туған күні. Көзі тірі болған да 75 жасқа толар еді. Ол 1948 жылдың 21-ші наурызында Қостанай облысы, Аманкелді ауданындағы Құмкешу ауылында дүниеге келген. Мектеп жасынан шоқ жұлдыздай жарқырап көрінген. Оқушы кезінен-ақ, тырнақ алды туындылары облыстық, республикалық газет-журналдарға жарияланған. Орта мектепті 1967 жылы бітіріп, сол жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түскен. Оны 1972 жылы аяқтап, дипломын қолға алған. 3-курста оқып жүргенде-ақ, Қазақ радиосына қызметке орналасады. Содан редактор, аға редактор, бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, Қазақ теледидарында Бас редактор қызметтерін атқарған. «Азат» газетінде тілші болып қызмет істеген. Қазақ радиосында қызмет етіп жүргенде түрлі жанрлар арқылы хабарлар жасайтын. Атап айтқанда Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" романы негізінде дайындалған 16 бөлімді радио-қойылым. Ғабит Мүсіреповтың "Қазақ солдаты" романы бойынша жасалған 6 бөлімді радио-қойылымның, Жамбыл Жабаевтың өмірінен әзірленген "Тыңда дала Жамбылды" атты 5 бөлімді радио фильмнің, тағы да басқа драмалық шығармалардың авторы. Дінәш атаның жүздеген хабарлары бүгінгі күні "Қазақ радиосының" алтын қорында сақтаулы.

Дінәш Қанапияұлы миллиондаған тыңдармандардың жүрегіне жол тапқан шығармалардың авторы. Ол сонымен қатар "Қонақ кәде", "Жазушы әңгімеге шақырады", "Сәлеметсіз бе, замандас", "Алло, Алдар көсе" бағдарламаларында жүргізді. Радиода жүрген сәтінде талай танымал тұлғалармен арнайы сұхбат, радио репортаж, радио әңгімелер әзірледі. Алғашқы әңгімелері мен повестер жинағы 1982 жылы «Ең бақытты күн» деген атпен жарық көрді. Одан соң «Жаңа жылға қараған түн», «Өмір», «Он бес пен он алтының арасында», «Таңертеңнен кешке дейін», «Жарық күн» повестер жинағы оқырмандар қолына тиді. «Алтын арна», «Әкеден қалған аманат», «Саусақтан төгілген сәуле» атты деректі хикаялар жинақтары бар. Кабардин жазушысы  Кешоковтың «Сынған таға» эпопеясының алғашқы кітабын, поляк, украин және басқа халықтар қаламгерлерінің әңгімелерін қазақшаға аударды. Ахмет Байтұрсынұлы өмірінен «Сен ертең атыласың!» атты пьеса жазды. «Мейлі, өзендер шулай берсін», «Соңғы аялдама», «Деректірдің шопыры», «Адамның кейбір кездері» тағы да басқа драмалық шығармалардың авторы. Сондай-ақ «Сәукеле киген сайқал», «Сандық» хикаяттары республикалық әдеби журналдарда жарияланды. Жекелеген әңгімелері өзбек, қарақалпақ, орыс тілдеріне аударылды. Әттең, өмірдің келтелігіне дау бар ма, 2006 жылы жарық жұлдыз — Дінәш Нұрмұхамедов келместің кемесіне мініп кете барды. Аяулы жары мен ардақты қаламгер достары бір кісідей арулап шығарып салды. Бүгін 21 наурыз күні  75 жасқа толуына орай жазушының өмір жолынан сыр шертетін «Радио-дәурен» атты қазақ радиосында 2020 жылы 14 қазанында әзірленген бағдарламаның сілтемесін және жазушының фото-суртеттерін назарларыңызға ұсынамыз: https://youtu.be/2grwZaJbU6k

 

Жазушы туралы ақпарат: Журналист Бибіт Нұрмұхановтан алынды.