19 наурыз – қазақтың қаһарман ұлдарының бірі Батыр Кейкінің өмірден озған күні. Өрлігі мен ерлігі ұрпағына аңыз болған батырдың жауларының қолынан мерт болғанына биыл – 100 жыл. Осыған орай А.Иманов атындағы мемориалдық музейде «Ер Кейкі – елдің есінде» атты ауқымды іс-шара өтті. Кейкі батырдың ерліктерінен естеліктер айтылып, оқушылар шығармашылығынан жатқа өлеңдер оқылды. «Руханият» үйірмесінің оқушылары ел ауызында сақталған Кейкінің салауаты мен Х.Мұсабаевтың батыр жайлы циклдық өлеңдерін оқыды. Кейкітанушы жерлесіміз Шөптібай Байділдиннің тікелей бейнежолдауы тыңдалды. Музей басшысы Сахан Оңжанұлы, ардагерлер Жеңіс Махатұлы, Есім Дауылбай және батырдың туысқаны Жамалиден Шошақұлы батырдың ел аузындағы ерліктері жайлы әңгімеледі. Іс-шараның аясында арнайы шығарылған көрме көрерменге таныстырылып, соңынан қатысушылар Кейкі батыр жайлы «Тарих. Тағдыр. Тұлға» деректі фильмін тамашалады.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/265-er-kejki-eldi-esinde-2.html#sigFreeId0b22ce049e