Мұздаханов Айтбай 1941 жылы 15 қазанда Қостанай облысы Аманкелді ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп домбырашылар оркестріне қатысқан. 1976 жылы Қызылорда қаласында өткен домбырашылардың республикалық байқауында бірінші орын алған. Кеңшарда жұмысшы болып еңбек етіп жүргенде қолын комбайнға шайнатып алса да бүкіл болмысымен өнер үшін жаралған азамат шығармашылық өнерін тоқтатқан жоқ. Жарты ғасырдан астам шығармашылық жолында 60-тан аса күй, 40-қа тарта ән шығарған. Алғашқы күйі – «Амангелді дүбірін» халық батыры А.Имановқа арнап, атаулы тойы қарсаңында халыққа ұсынды. Бұдан соң Ұлы Жеңістің 30 жылдығына арнап «Ер есімі – ел есінде» күйін, «Балалы киік», «Сәтен күйі», «Домбыра сазы» т.б шығармаларын өмірге әкелді. 1977-1978 жж Бүкілодақтық халық шығармашылығының І-ІІ фестивальдеріне қатысып, лауреат атанды. Композитордың Қ.Деріпсалдинмен бірге баспадан шығарған «Домбыра сазы» жинағына «Елім-ай», «Қаратау», «Бозтайлақ», «Тархан баба», «Сейтқұл аңызы», «Ару арман», «Нарқыз», «Жұбату» күйлері енген. Сазгердің «Ару ана», «Байғабылда бір бала», «Балбөбек», «Шынарым», «Дархан дала» т.б.әндері халық арасына кең тараған. Күйшінің шығармаларының тақырыбы жан-жақты, ел мен жер тарихы, халық тағдыры, замандастар тұлғасы.
2008 жылы күйлері мен әндері жинақ болып баспадан шықты. Әке өнерін бүгінде қызы Анар Мұздаханова жалғап келеді. Күйші-композитор, 1979 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 1993 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері төсбелгісімен марапатталған. Талантты күйші-сазгер, өнер майталманы, Амангелді ауданының «Құрметті азаматы» бүгін 80 жасқа келіп отыр.
https://amangeldymuseum.kz/kz/zha-aly-tar/244-m-zdakhanov-ajtbaj.html#sigFreeId391c5da48b