9 мамыр - Ұлы Жеңіс күні

 

Биыл Ұлы Жеңіске 76 жыл толды. 1941 жылдың 22 маусымында басталып, үздіксіз 5 жылға, яғни 1418 күнге созылған сұрапыл соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың азаматтарымен қатар қазақстандықтар да қатысты. Соңғы деректер бойынша Қазақстаннан майданға аттанған 1 млн 200 мың жауынгердің 600 мыңы соғыстан қайтып оралмады.  Амангелді ауданынан 1941-1945 жылдары 4872 азамат майданға аттанған. Бізге жеткен деректерге сүйенсек, соның 1600-ге жуығы елге оралып, майдан даласында қаза болған, ауыр жарақаттан госпитальда қайтыс болған және хабар-ошарсыз кеткен 1687 жауынгердің дерегі белгілі.  Бүгінгі таңда майдангер жерлестеріміздің есімі жыл сайын толығып, музей қорына құжаттары қабылданып жатыр.

9-мамыр Ұлы Жеңіс күні жас ұрпаққа Ұлы Отан соғысы жылдары ата-бабаларымыздың ерліктерін, қажымас еңбектерін ұмытпай, олардан үлгі алып, өз еліне, өлкесіне деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімін ояту  мақсатында        музей қызметкерлері «Ерлікке мың тағзым» атты іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара барысында «Есімдері ел есінде» тақырыбында шығарылған көрмені Б.Қолдасбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің жанындағы «Батыр» әскери патриоттық клуб мүшелері және жетекшісі Абжанов Жайсан бастаған топ, аудан тұрғындары, майдангерлердің ұрпақтары  келіп тамашалады.

«Батыр» әскери патриоттық клуб жетекшісі, ұстаз Жайсан Смағұлұлы хабар-ошарсыз кетіп, 75 жылдан кейін дерегі табылған  жауынгер - Әлмағанбетов Ғанидың жеке суреті, іздеу сайттарынан табылған қысқаша мәліметі мен марапат құжатын  музейге тапсырды.