Батыс Қазақстан облысының орталығы Орал қаласында А.Иманов атындағы жол-көлік колледжі бар. Батыр атамыздың атын иеленгеніне биыл 30 жыл толатын колледж осы айтулы оқиға қарсаңында Аманкелді ауданына арнайы сапар ұйымдастырды.

Құрамында оқытушылар мен магистрлар, оқушылары бар экспедицияның негізгі мақсаты: батырдың туған жерін көру, ескерткішіне тағзым ету және мұражай мен қасиетті орындарды аралау болатын. Экспедицияның жетекшісі директордың оқу - өндірістік істер жөніндегі орынбасары Салменов Еламан Ғалымжанүлы. Экспедицияны аудан әкімі Ә.Б.Асанов қабылдап, Алғыс хат пен арнайы сыйлықтарды тарту етті. Өз кезегінде оралдық азаматтар да аудан әкімі мен мұражайға арнайы альбом мен игі тілектерін білдірген Алғыс хаттарын табыстады. Сапар барысында ауданымыздың көрікті орындарын аралап, бүгінгі жағдайымен танысты. Мешітте дұға оқып, Сатыбалды ишан кесенесіне зиярат етті. Аудан орталығындағы Б.Қолдасбаев атындағы орта мектепте оқушылармен кездесу өткізіп, өнерлерін тамашалады. Оралдық экспедиция батыр елінің бүгінгі тіршілігіне ырза боп, сапардың сәтті өткеніне ризашылығын білдірді.