2019 жылдың 19 ақпаны күні сағат 11 жарымда жерлесіміз, есімі жаһанға танымал жиһангез Сапар Ысқақұлы бастаған халқымыздың бір топ белгілі азаматтары А. Иманов мемориалдық музейіне келіп, өткен жылы Жаңадала ауылындағы Саба өзенінің маңынан табылған сақ, савромат дәуірлерінің бір топ жәдігерлерін салтанатты түрде тапсырды.

Рәсімге аудан әкімі Ә.Б.Асанов, орынбасары Б.С.Алпысбаев пен белгілі мемлекет және қоғам қайраткері С.Ақылбаев, Кейкі батыр ұрпағы С. Қосжанов бастаған азаматтар және аудан орталығында тұратын бір топ ақсақалдар қатысты.

Рәсімде республикалық халық қазынасы зерттеу институтының басшысы, тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғар Саба өзенінің маңындағы шағын обадан табылған осыдан 2600 жыл бұрынғы жәдігерлердің қалай табылғаны, олардың қалай анықталғаны туралы толыққанды мәлімет берді. Атап айтқанда сол обадан бір ғана жауынгердің 155 дана жебе ұштары мен қылышы, пышағы мен құмыра сынықтары, қайрақ тас, қанжар табылғанын атап көрсетіп, соларды музейге экспонат есебінде мәңгілік пайдалануға сыйлады.

Осы жөніндегі келісім-шартқа халық қазынасы зерттеу институты басшысы А. Оңғар мен А. Иманов атындағы мемориалдық музейдің басшысы С.Төленов қол қойды. Қол қою рәсіміне жиынға қатысушылардың бәрі қатысты.

Мұнан соң жерлесіміз, атақты жиһанкез С.Ысқақов өзінің жиһанкездік сапарларында серік болған бірқатар мұраларын музейге тарту етті.

Дидарласу барысында Ақан Оңғар Торғай өңірінің кеш зерттеліп келе жатқанын айта келіп, осы іске алғаш рет жиһанкез Сапар Ысқақұлының өз қаржысын салып, бастамашы болғанын, соның нәтижесінде соңғы 3 жылдан бері Торғай өңіріндегі ежелгі тарихи ескерткіштер зерттеле бастағанын айтты. Сонымен қатар өзі басқаратын институт ұжымы үкіметпен келісе отырып, мекеме есеп-шотына арнайы қаржы алып, бірқыдыру жұмыстар жүргізгенін мәлімдеді.

- Қостанай облысы бойынша құндылығы Архайамнан артық болмаса, кем емес тарихи орын бар. Алла қаласа, алдағы жылдарда сол орынды да зерттеп, ғылыми айналымға қоссақ деген ойымыз бар. Алдын ала бәлен болады, түген болады деп жар салмай-ақ қояйын. Алдағы уақытта ол жұмыстардың қандай нәтиже беретінін өздеріңіз көретін боласыздар. Жалпы біз Торғай аймағындағы ежелгі дәуір мұраларын зертеуді осыдан 3 жыл бұрын бастадық. Тағы да қайталап айтамын, бұл іске бастамашы болып, тұңғыш түрен салған кісі – сіздердің жерлестеріңіз, еліміздің мақтанышы Сапар аға Ысқақов! Бұл кісінің есімі ұлттық ғылым тарихымызда да өз орнын алады деп есептеймін. Жұрттың бәрі Сапар аға сияқты мұндай жұмыстарға қаржы сала бермейді. Өйткені бұл жұмыстар материалдық жағынан пайда әкелмейді. Оның әкелетін пайдасы – рухани және тарихи жағынан. Осыны еске алғанда Сапар ағай ғылымды дамытуға да демеуші болып, өзінің меценаттық қырын жан-жақты көрсету үстінде!,-деді А.Оңғар.

Келесі кезекте сөз тізгінін алған Сапар Ысқақұлы өзінің алдағы уақытта да туған өлкесі Торғай - Қостанай өңіріндегі ежелгі дәуір мұраларын іздеп табуға және оларды ғылыми айналымға қосуға өз үлесін қоса беретінін перзенттік сағынышпен жеткізді.

Рәсім соңында аудан әкімі Ә.Б.Асанов батыр атындағы ауданның музейіне тарихи құнды экспонаттар сыйлағаны үшін республикалық қазына зерттеу институтының ұжымы мен С.Ысқақұлына аудан халқы атынан алғыс айтты.

СУРЕТТЕРДЕ: А.Иманов музейіне Торғай өлкесі өңірінен табылған Сақ және Саврамат дәуірлерінен табылған тарихи жәдігерлерді тапсырудан көріністер.