Бүгін күйші, композитор Айтбай Муздахановтың туған күні. Өнер иесі 85 жасқа толып отыр.
Сізді 85 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз!
Саналы ғұмырыңызды қазақтың күй өнеріне арнап, ұлттық музыкалық мұрамызды дәріптеуге өлшеусіз үлес қосып келе жатқан еңбегіңіз ұрпаққа өнеге.
Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық, шаңырағыңызға шаттық тілейміз!
Айтбай Муздаханов 1941 жылы 15 қазанда Амангелді ауданы, Қарасу ауылында дүниеге келген. Мамандығы бойынша электр-механик. Коммунизм жолы совхозында электрик, бөлімше меңгерушісі, су шаруашылығы маманы болып зейнеткерлікке шыққанша еңбек етті. Шаруашылықтың сан саласында еңбек ете жүріп мәдениет саласына, ән-күй өнерін дамытуға зор үлес қосты. Арнайы музыкалық білімі болмаса да, 1976 жылы Қызылорда қаласында өткен домбырашылардың республикалық байқауында І орын алды. Кеңшарда жұмысшы бола жүріп, 45 жылдық шығармашылық жолында 60-тан астам күй, 40-қа тарта ән шығарды. Алғашқы күйі – «Амангелді дүбірін» халық батырына арнап, аталған күйді батыр тойы қарсаңында жұртшылыққа ұсынды. Бұдан соң Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 30 жылдығына «Ер есімі – ел есінде» күйін, «Балалы киік», «Сәтен күйі», «Домбыра сазы» шығармаларын өмірге әкелді. 1977-78 ж.ж. Бүкілодақтық халық шығармашылығының І-ІІ фестивальдеріне қатысып, лауреат атанды. Композитордың Қ.Деріпсалдинмен бірге баспадан шығарған «Домбыра сазы» жинағына А.Мұздахановтың «Елім-ай», «Қаратау», «Бозтайлақ», «Тархан баба», «Сейтқұл аңызы», «Ару арман», «Нарқыз», «Жұбату» күйлері енген. Сазгер өнердегі әріптестері Төкен Елтебаевқа арнап «Аққайың», өмірден ерте озған досы Сәтен Қошанұлына арнап «Сәтен күй», Нұрғиса Тілендиевке арнап «Нұраға» (1988) күйлерін шығарды. Ұлы композитор оның бұл туындысын «Айтбай сарыны» деп атады. 2008 жылы күйші-композитордың күйлері мен әндер жинағы баспадан шықты. Мәдениет саласына қосқан үлесі үшін бірнеше марапатқа ие болды. 1977 жылы Бүкілодақтық 1-ші және 2-ші фестивальда лауреат, 1979 жылы «Құрмет белгісі» орденінің иегері, 1993 жылы «ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері», 2012 жылы Қостанай Меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының лауреаты, 2015 жылы Сағадат Нұрмағанбетов атындағы медальдың иегері.