Ұлытаулық «Азаттық жолы» тарихи-танымдық экспедициясы Амангелді ауданында

Қазақ халқы ежелден азаттық пен теңдікті ту етіп, елінің тәуелсіздігі жолында күрескені бүгінгі ұрпаққа аян. Ата-бабаларымыздың ерлігі мен отанға деген сүйіспеншілігі арқасында ұлан-ғайыр жеріміз бізге аманат болып жетті.

Бүгінде біз Тәуелсіз Қазақстанның азаматтары ретінде сол аманатқа адал болып, еліміздің, жеріміздің өсіп-өркендеуіне өз үлесімізді қосып келеміз. Сондықтан халқымыздың азаттық жолындағы күреске толы тарихын ұмытпау – әрбір азаматтың парызы.

Қазақстанның қай өңіріне көз салсақ та, ел тәуелсіздігі жолындағы тарихи оқиғалардың ізі сайрап жатыр. Солардың бірі – Торғай өңірінде 1916–1917 жылдары болған ұлт-азаттық көтеріліс. Биыл 110 жыл толып отыр. Осы мерейтой аясында жыл басынан бері түрлі тарихи-танымдық және мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Сол іс-шаралардың бірі – 2026 жылдың 12-13 шілде күндері Ұлытау облысынан Амангелді ауданына – «Сәтбаев қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ басшысы Төлеш Қанат Жанділдаұлы бастап келген «Азаттық жолы» тарихи-танымдық экспедициясы, құрамында:

  • Ауезов Ғабдол Жанділдаұлы – Экспедиция үйлестірушісі, ХХ ғ. 30 – 50 ж.ж. дәстүрлі қазақ қоғамының қоғамдық – саяси, әлеуметтік – құқықтық өзгеру жүйесі» мемлекеттік ғылыми жобаның ғылыми қызметкері

  • Қазанбаева Зейпін Зәкірқызы – «М.Төрегелдин атындағы Жезді тау – кен және балқыту ісі» музейінің ғылыми қызметкері

  • Бермағамбетов Арман Жылқыайдарұлы – «Қ.И. Сәтбаев атындағы тарихи-өндірістік музейі» КМҚК директоры;

  • Бирмуханова Алтынай Өмірбекқызы – «Тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы» КММ тарихи-мәдени мұраны зерттеу және қалпына келтіру бөлімінің басшысы;

  • Шубаев Ерболат Берікұлы – С.Сейфуллин атындағы Жаңарқа аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы;

  • Әбеуов Қайрат Бөлекбайұлы – «Ш. Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайы» КМҚК дәстүрлі әншісі бар.

Экспедицияның алғашқы күнінен – ақ, музей қызметкері Жалғас Торғайбекұлы мен «Taj Torgay» көпсалалы туристік кешенің қызметкері Қайрат Жылқыбайұлы Тасты ауылы маңындағы Кейкі батыр кесенесінен экспедиция мүшелерін күтіп алып, Кейкі батырдың өмірі мен ерлік жолы, сондай-ақ кесененің салыну тарихымен таныстырды.

Келесі күн Амангелді батыр жерленген орындағы ескерткішке гүл шоғын қойып, құран бағыштаудан басталып, экспедиция мүшелеріне Сатыбалды ишан кесенесіне, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің штаб-пәтеріне және Доғал–Үрпек шайқасы өткен тарихи орындар: көтерілісшілердің штаб-пәтері, Ұстахана орны, Доғал-Үрпек шайқасы өткен жерлерге музей қызметкері экскурсия жасаумен жалғасып, олардың тарихы мен маңызы туралы жан-жақты мәлімет берді.

Экспедицияның қорытындысы ретінде «1916–1917 жылдардағы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілісінің 110 жылдығына арналған "Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліске – 110 жыл"» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

Оған Амангелді ауданы әкімінің орынбасары С.Туленов, аудандық мәслихат хатшысы Н.Әлмағамбетов, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, музей қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында көтерілістің тарихи маңызы, батырлардың ерлігі, тарихи-мәдени мұраны сақтау, жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру мәселелері кеңінен талқыланды.

Сонымен қатар, «Тоқсан жылдың торабы» деректі фильмінен үзінді көрсетіліп, тарихи оқиғалар жөнінде өз пікірлерімен алмасты.

Осындай тағылымды кездесулер ұлттық тарихымызды дәріптеуге, азаттық жолында жанын қиған бабаларымыздың ерлігін ұлықтауға және тарихи мұраны келер ұрпаққа аманат етуге зор үлес қосады.

Амангелді Имановтың мемориалдық музейі әдіскері Ж.Т.Досбергенов