Мұхтар Ходенұлы 1935 жылы 25 қыркүйекте Амангелді ауданында дүниеге келген. Қоғам және партия қызметкері. Амангелді ауданы мен Арқалық қаласының Құрметті Азаматы.
Бала Мұхтардың балалық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келді. Ағалары соғысқа алынып, 2 жасында әкесінен айрылды. 1955 жылы Меңдіғара ауданындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищесін, 1976 жылы Қостанай ауылшаруашылық институтын бітірген. Еңбек жолын 1955 жылы Байғабыл ауылы мектебінде мұғалім болып бастап, 1960-1962 жылдары Амантоғай аудандық комсомол комитетінің хатшысы, 1964-1965 жылдары Бестау ауылдық кеңесінің төрағасы, Амантоғай ауданында бөлімше меңгерушісі, 1965-1967 жылдары Амангелді ауданы «Родник» кеңшарында партия ұйымының хатшысы, 1967-1980 жылдары Крупская атындағы кеңшардың директоры, 1980-1996 жылдар аралығында Амангелді аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі, бас экономисі, аудан әкімдігінде жоспарлау бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған. Еңбегі еленіп «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше мерейтойлық медальдармен марапатталған. 1997 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Жары Кенжесары Шаяхметқызы екеуі өмірге 11 бала әкеліп, тәрбиеледі.
Мұхтар Ходенұлы туған өлкенің тарихы мен этнографиясын зерттеп, билер мен батырлар, ақындар мен шешендер өміріне байланысты бірнеше танымдық мақалалар, еңбектер жазды. Амантоғай өңірінің тарихы мен этнографиясы жайлы зерттеген «Алтыншы ауыл», «Қараман Тайшығара» кітаптары жарық көрген. Адалдықты өмірлік ұстанымы етіп ұстаған, елінің ардақты азаматы мәңгілік мекеніне аттанды. Артында қалған ұрпағына ұзақ ғұмыр тілей отырып, иманы саламат болсын дейміз!