Бүгін журналист,ақын,аудармашы Әбілтай Әбжан Ғаббасұлының туған күні
Бүгін журналист,ақын,аудармашы Әбілтай Әбжан Ғаббасұлының туған күні. Жерлесіміз 75 жасқа толып отыр.Сізді 75 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл-ғибратты ғұмырдың,ерен еңбектің,өмірлік тәжірибе мен даналықтың биік белесі.Сізге зор денсаулық,ұзақ ғұмыр,отбасыңызға амандық тілейміз! Әбілтай Әбжан Ғаббасұлы 1951 жылы 1 сәуірде Қостанай облысы, Амангелді ауданы,Ақкісі ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Жазушылар одағының мүшесі. 1968 жылы Б.Майлин атындағы орта мектепті бітірісімен еңбек жолын Амангелді ауданы «Тың шұғыласы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. 1971-99 жылдар аралығында Торғай облысы «Торғай таңы», Арқалық қаласы «Торғай» газетінде тілші,бөлім меңгерушісі, Арқалық қаласы әкімдігінде тіл бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 2000-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінде аудармашы-редактор,бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. 2004 жылдан Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінде мемлекеттік тілді дамыту басқармасының бастығы қызметін атқарды. Мектеп қабырғасында жүріп өлең жазумен әуестенген Әбжан Әбілтайдың алғашқы туындылары аудандық,облыстық,республикалық газеттерде жарияланған. Өлеңдері «Қарлығаш»,«Көктем бояулары» жинақтарына енді. 2003 жылы «Жазушы» баспасынан «Жүрекжарды» деген атпен жеке жинағы жарық көрді. Ақын шығармашылығының жемісті бір саласы-көркем аударма.Нобель сыйлығының лауреаты И.Бродскийдің екі мың жолдай өлең ,поэмаларын,Н.В.Гоголдің «Тарас Бульба», «Шинель», «Күйме» хикаяттарын,Р. Гамзатовтың, Е. Евтушенконың өлең,поэмаларын қазақ тіліне аударған.2010 жылы «Дүние жалған» өлеңдер жинағы, «Жер басып жүрсем»атты публицистикалық мақалалар кітабы жарық көрді.










