Бүгін «Қазақ КСР мектептерінің еңбек сіңірген мұғалімі», «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» Жұпар Қазанғапқызының туғанына 100 жыл толуына арналған «Ұстаз ұлағаты – ұрпаққа өнеге» атты еске алу кеші өткізілді.Іс-шараға аудан әкімі Кеделбаев Қанат Уәшұлы қатысып, сөз сөйлеп, ұстаздың ел білімін дамытудағы еңбегіне тоқталып, оның өнегелі өмір жолы жас ұрпаққа әрқашан үлгі екенін атап өтті.Кешке ұстаздың замандастары, әріптестері, шәкірттері мен ұрпақтары қатысты. Атап айтқанда, замандасы Исмагулов Қуаныш, «Еңбек Қызыл Ту» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің, сондай-ақ «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерекелік медалінің иегері Уахитов Балтабай, замандасы Тасмағанбетов Сапарғали, Жұпар Қазанғапқызының әрі әріптесі, әрі туысқаны Махатов Жеңіс, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, ҚР білім беру ісінің үздігі, зейнеткер ұстаз Құсайынова Төлеутай Есенжолқызы қатысып, ұстаздың өнегелі өмір жолы туралы өз ой-пікірлерімен бөлісті.Сонымен қатар, Жұпар апайдың алдынан тәлім-тәрбие алып, оның жолын жалғаған шәкірттері: Баймаханова Алтынай – Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Бралина Рысты – Қазақстан Республикасының білім беру ісінің озық қызметкері, Исмайлов Сәндібек – КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Оспанов Бейбіт – Жұпар Қазанғапқызының шәкірті, Бекентаева Несіп – ҚР білім беру ісінің үздігі арнайы бейнебаян жолдап, ұстаздың өмір жолы туралы естеліктерімен бөлісті.Еске алу кешінде Амангелді орта мектебінің оқушысы Айғаным Серік Жұпар Қазанғапқызына арналған өлеңді мәнерлеп оқып, шараның мазмұнын әсерлі етті. Іс-шара қатысушылар назарына «Жұпар Қазанғапова – ұрпаққа өнегелі ұстаз» атты көрме ұйымдастырылып, ұстаздың тұтынған жеке заттары мен еңбек жолындағы марапаттары қойылды.Кештің соңында ұрпақтары атынан Әлмағамбетов Нұрлыбек Бөгетбайұлы сөз сөйлеп, шараны қорытындылады. Кеш мәдениет үйі қызметкерлерінің орындауындағы «Ұстазым» әнімен аяқталды.