Биыл мемлекет және қоғам қайраткері,еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды тұлғалардың бірі - Ерік Мағзұмұлы Асанбаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Қазақстан тарихында вице-президент қызметін атқарған жалғыз адам – Ерік Мағзұмұлы Асанбаев. 1936 жылдың 10 наурызында Қостанай облысы Амангелді ауданы Байғабыл ауылында дүниеге келген. 1958 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетін бітірген. Мамандығы – экономист, экономика ғылымдарының докторы , профессор. 1958-1961 жылдары Қостанай облысындағы ауыл шаруашылығы ұйымдарында экономист болып жұмыс істеді. 1961-1963 жылдары Қостанай облыстық партия комитетінің нұсқаушысы, 1963-1964 жылдары Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының жоспарлау бөлімінің бастығының орынбасары. 1964-1968 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, 1968-1970 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі болды. 1970-1972 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті аппаратының ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, ал 1972-1978 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1978-1985 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті хатшысының орынбасары, 1985-1989 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті хатшысы болды. 1989-1990 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасы төрағасының орынбасары, ал 1990 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. Тәуелсіздік алғаннан кейін, 1991 жылдың қазан айынан 1996 жылдың ақпан айына дейін Қазақстан Республикасының вице-президенті болды. Бұл кезеңде ол елдің алғашқы саяси реформаларына қатысып, өтпелі кезеңдегі мемлекеттік институттардың қалыптасуына үлес қосты. 1994-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның төрағасы қызметін қоса атқарды.1996 жылдың ақпанынан 2000 жылға дейін Қазақстанның Германия Федеративтік Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болып жұмыс істеді. Ерік Асанбаев 2004 жылдың 23 тамызында Алматы қаласында қайтыс болды. Ол "Құрмет" орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.