1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық қозғалыс – қазақ халқының отаршылдық езгіге қарсы бағытталған ең ірі әрі ұйымдасқан көтерілістерінің бірі. Бұл қозғалыс халқымыздың азаттыққа, тәуелсіздікке деген ұмтылысының айқын көрінісі болды. Биыл осы тарихи оқиғаға 110 жыл толып отыр. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстан толықтай Ресей империясының отарына айналды. Жердің тартып алынуы, салықтың көбеюі, халықтың саяси құқықтардан айырылуы ел ішіндегі наразылықты күшейтті. Ал 1916 жылғы 25 маусымдағы патша үкіметінің «бұратана халықтарды» тыл жұмысына алу туралы жарлығы бұл ашу-ызаны ашық қарулы көтеріліске ұластырды. Жарлық бойынша 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтар майданның қара жұмысына алынуы тиіс еді. Бұл қазақ қоғамының дәстүрлі өмір салтына ауыр соққы болды.Торғай өңіріндегі көтеріліс ерекше ауқымымен және ұйымдасқан сипатымен көзге түсті. 1916 жылғы 21 қазанда Жалдама өзені бойында Торғай көтерілісшілерінің құрылтайы өтіп,оған 13 болыстың өкілдері қатысты.Құрылтайда Әбдіғапар Жанбосынұлы Торғай уезінің ханы,Амангелді Үдербайұлы көтерілісшілердің бас қолбасшысы- Сардарбегі болып сайланды . Уездегі барлық билік Әбдіғапар ханның құзырына көшіп, 50 мыңнан астам адамдардан тұратын көтерілісшілер жасағы ондықтар мен жүздік,мыңдықтарға бөлінді. Олар патша әкімшілігінің бекіністеріне шабуыл жасап, отарлық билікке елеулі соққы берді. Көтерілісшілердің негізгі қаруы найза, қылыш, аңшы мылтықтары болса да, олардың рухы мен ерік-жігері мықты еді. Патша үкіметі көтерілісті басу үшін жақсы қаруланған жазалаушы әскер жіберді. Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс қазақ халқының саяси санасының өскенін көрсетті. Бұл қозғалыс кейінгі Алаш қозғалысына, тәуелсіздік идеясының қалыптасуына зор ықпал етті. Амангелді батыр бастаған ерлердің ерлігі халық жадында сақталды. Торғайдағы Әбдіғаппар хан мен Амангелді сардар бастаған 1916 жылғы көтеріліс ақпан төнкерісіне ұласты. Қазақ еліндегі, оның ішінде Торғай даласындағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс қазақ жұртын дүр сілкіндірген оқиға болды. Қазақ халқының ата-бабадан келе жатқан жауынгерлік рухының әлі жоғары екенін танытты. Қолына өз заманының қару-жарағын берсең қандай жаумен де шайқаса алатынын көрсетті. Халқымыз отаршылдыққа қарсы азаттық жолындағы күрестің үлкен мектебінен өтті.










