Бүгін, 9 мамыр - Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен тұспа-тұс келген спорт саласының ардагері, ұлағатты ұстаз, Амангелді ауданының құрметті азаматты Махатов Жеңіс Әбдікұлы 80 жасқа толып отыр. Туған күн иесіне амандық, саулық тілей отырып, ауданымыздың дана қарты болып, жас ұрпаққа ақыл-кеңесінізді айтып ортамызда жүре беріңіз! Сіздей қазыналы қартымыз барына мақтан тұтамыз. Өмір, еңбек жолыңыз болашақ ұрпаққа үлгі болсын дей отыра өмірбаяңыныз туралы ақпараттар ұсынып отырмыз.
Махатов Жеңіс Әбдікұлы 1945 жылы 9 мамырда Қостанай облысы Аманкелді ауданы Үрпек ауылында дүниеге келген. 1961 жылы Қостанай облысы Меңдіқара ауданы, Боровской селосындағы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық училищесіне түсіп, 1965 жылы бастауыш сынып мамандығы бойынша қосымша дене тәрбиесімен музыка мамандығын аяқтады. 1965 жылы Жаңа ауыл орта мектебіне дене тәрбиесінің мұғалімі болып еңбек жолын бастады.1982 жылы ҚазГУ-дің тарих факультетін бітірген. 1969-1970 жылдары мектеп басшысы қызметін атқарды. 1978-1979 жылы оқу ісінің меңгерушісі, 1983-1984 жылдары Иманов совхозында кәсіподақ ұйымының председателі, 1984 жылдан бастап Қайнар совхозына мектеп директорлығы қызметіне тағайындалды. 1986-1989 жылдары Жаңа ауыл орта мектебі директорлығына ауысып, жемісті еңбек жасай білді. 1997 - 2000 жылдары Жаңа ауыл орта мектебінде, 2000 - 2003 жылдары Ы.Алтынсарин орта мектебінде тарих және қоғамдық пәндерінен сабақ берді. 2003 жылы аудандық спорт мектебінде директор болып тағайындалды. 2008-2011 жылдар аралығында спорт мектебінде жеңіл атлетикадан жаттықтырушы, 2011 жылдан бастап ауданда алғаш рет бокстан жаттықтырушы болды. Жеңіл атлетика, бокстан дайындаған шәкірттері - облыс, республика жеңімпаздары. 1975 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, 1994 жылы аудандық мәслихаттың депутаты, 2015 жылы «Дене шынықтыру және спортты дамытудағы ерен еңбегі үшін» медалінің екі мәрте иегері, «Еңбек ардагері» медалінің және Амангелді ауданына 90 жыл мерейтойлық медалімен марапатталған.