Бүгін, 3 - сәуір 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтерілістің басшысы, сардары Амангелді Үдербайұлы Имановтың туған күні. Батырдың есімін ұлықтау мақсатында жерленген орнындағы ескерткіші жанында мекеме басшылары және қызметкерлерінің қатысуымен тағзым жасалды. Іс-шара барысында "Сатыбалды ишан" мешітінің Бас имамы Н.Мұхамеднұрұлы батырдың рухына құран бағыштап, музей басшысы К.Абжанова Амангелді батырды насихаттау бойынша атқарылып жатқан іс-шаралар туралы жиналған қауымға баяндады. Тағылымы мол шарада Амангелді ауданының әкімі Қ.Кеделбаев ауданымызға батырдың есімі берілген жылдар жөнінде тарихи деректермен бөлісіп, жастар арасында кеңінен насихатталу керек екендігі жөнінде тілге тиек етті. Одан кейін, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Е.Жетпісбайұлы Амангелді батырдың туған күні тағзым жасау шарасы жыл сайын дәстүрге айналып, жалғасын таба береді деп айтып кетті.