Әйтішев Жылқышы - 1939 жылы, 7 желтоқсанда қазіргі Қостанай облысы, Амангелді ауданы, 1 май колхозында дүниеге келген. 1947 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1954 жылы Амангелді ауданында онжылдықты бітірген. 1956-1957 жылдары Семиозер ауданында 1 жылдық СПТУ-да оқыған. Колхозда 1 жыл тракторист болып еңбек жолын бастаған. 1959 жылы қазан айынан бастап "Калинин" колхозына шопан, 1960 жылдан бастап "Қазақстанның 40 жылдығы" совхозында шопан, "Абай", "Ұзынқоға" бөлімшелерінде аға шопан болады. "Қазақстанның 40 жылдығы", "Шөптікөл" совхоздарын өз қолымен құрысып, көп жылдар қой бағып, отар-отар қой өсірді. Ауылшаруашылығы саласындағы көп жылғы еңбегі еленіп, "Еңбек Қызыл Ту" және сол кездегі ең жоғарғы марапат "Ленин" орденімен марапатталған. Бұл Әйтішев Жылқышының көп жылғы еңбегіне көрсетілген жоғарғы құрметі болатын. Зейнеткерлікке шыққан соң, "Шөптікөл" совхозы жабылып, 1998 жылы Үштоғай ауылына көшіп келді. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайланып, ауыл мәселесін ауызбіршілікпен шешуге ықпал жасады. Жасы ұлғайса да бұл ауылда да еңбекке араласты, жасы жетпістен асқанша "Жеңіс-Бек" ЖШС қоймасында күзетші болды. Аға шопан, ел ақсақалы отбасын құрып, 11 бала тәрбиелеп, бүгін де ұрпақтары өсіп-өнген үлкен әулет. Артында елеулі із қалдырған, еңбек майталманы Әйтішев Жылқышы 2018 жылы ақпан айында 79 жасында өмірден озды.

PS: Жоғарыдағы деректер, фотолар мен құжаттар А.Иманов атындағы мемориалдық музейдің қорынан және еңбек адамының ұрпақтарынан алынған.

#еңбекадамы