Сыздықов Сейілхан 1936 жылы 27 ақпанда Амангелді ауданы Үрпек ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Әулиекөл ауданындағы механизаторлар даярлайтын училищені бітірген. Еңбек жолын туған ауылында бастап, 1958-1968 жылдар аралығында Куйбышев атындағы ұжымшарда, Иманов атындағы кеңшарда тракторшы болған. 1968 жылдан мал шаруашылығына ауысып, еңбек демалысына шыққанға дейін Иманов атындағы кеңшарда қой бақты. Мал басын өсіру және одан мол өнім алу жолында үлкен еңбек мектебінен өтіп, «Жаңашыл шопан» атанды, отарын аудан мен облыстағы озық тәжірибе зертханасына айналдырып, қой өсіруде қол жеткізген үздік табыстары үшін 1983 жылы Қазақстан мемлекеттік сыйлығын алды. Қатарынан екі рет Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Аудан бойынша мал шаруашылығы саласының материалдық базасының нығаюына, ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалының жақсаруына барынша күш салды. 1983 жылы БХШЖҚ-нің алтын медаліне, 1985 жылы күміс медаліне ие болды. 1973 жылы Еңбек Қызыл Ту, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерімен марапатталды. Шопан, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты 2018 жылы өмірден өтті.