18 мамыр - Халықаралық музейлер күнінің тарихы 1977 жылдан бастау алады. Сол жылы 18 мамырда Ресейдің Мәскеу және Ленинград қалаларында өткен Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) ХІ конференциясында музейлер күні мәдени мереке болып бекітілді. Европада «Музей түні» алғаш рет Берлинде 1997 жылы өткізіліп, кейіннен Франция және басқа да елдерде жалғасын тапты. Қазақстанда бұл мереке алғаш рет 2006 жылы ҚР Орталық музейінде ұйымдастырылды. Содан бері «Музей түні» жыл сайын Қазақстандағы көптеген музейлерде дәстүрге айналып келеді. Биылғы жылы А.Иманов музейінде 18 мамыр - Халықаралық музейлер күні мерекесі аясында 17.05 - 18.05 күндері «Ашық есік» күні өткізілді. Іс - шара еліміздегі атаулы мерейтойларға арналып, көрмелер құрылды. Атап кететін болсақ:
1. А.Иманов музейінің құрылғанына 55 жыл толуына орай музейдің тарихы, басшылары, әр жылдардағы музей ұжымы, 55 жыл ішіндегі маңызды іс - шаралар, жетістіктері жинақталған фото - суреттерден, тарихи кітаптар сөресінен құрылған «Тарих пен Тағлым ордасына - 55 жыл» атты фото және кітап көрмесі ұсынылды.
2. Биылғы жылы Қазақстанның халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің туғанына - 120 жыл толуына орай, оқушылар арасында «Ә.Қастеев ізімен» атты аудандық сурет байқауын өткізген болатынбыз. Осы байқау аясында Ә.Қастеевтің шығармаларын салған мектеп оқушыларының суреттерінен көрме ұйымдастырылды.
3. ХХ ғасырдағы ауданымыздағы елеулі оқиғалардың бірі Торғай тыңының көтерілуі еді. Атаулы оқиғаға биыл 65 жыл толуына орай, тың игеру жылдарындағы аудандағы маңызды оқиғалар баяндалатын музей қорындағы мақалалар, фото - суреттер көрмеге қойылды.
4. 2024 жылы мүсінші, Қазақстанның халық суретшісі Х.Наурызбаевтың 1959 жылы жасаған А.Имановтың ескерткішінің салғанына 65 жыл толды. Осы Амангелді батырдың ескерткішінің салыну тарихын және Амангелді ауданы аумағындағы тарихи ескерткіштер мен киелі мекендерді насихаттау үшін «Ескерткіштер - ел тарихы» тақырыбындағы көрме шығарылды.
5. Сонымен қатар, музейіміз биылғы жылы «Рухани қазына - 2024» байқауына қатысып, облыстық кезеңінен жеңімпаз болып республикалық кезеңге жолдама алды. Байқау барысында музейдегі үш жыл ішіндегі мәдени - ағартушылық шаралар, көрмелер, музей жетістіктері жинақталған видео - ролик жасалған болатын. Аталған музей имиджін көрсететін видео - роликті Жастар паркіндегі лед экранда және музейдің аудан тарихы залында келушілерге көрсетілді.