Ресей отаршылдығына қарсы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс қаһармандарының бірі - Иман батыр Дулатұлы 1780 жылы бұрынғы Торғай оязы Қайдауыл болысы Дулаттың Қызылжары деген жерде дүниеге келген. Халық батыры Аманкелді Имановтың атасы. Арғы тегі - орта жүз қыпшақ тайпасының ұзын тармағының бегімбет руынан.  Атасы Қақай, өз әкесі Дулат  жоңғар шапқыншылығына қарсы шайқастарда ерлік көрсетіп, елі мен жерін қорғаған ержүрек адамдар болған. Дулаттан тоғыз ұл туған.Олардың бесеуі қолдарына найза ұстаған батыр болып, «бес батырдың ауылы» атанған. Торғай мен Жыланшық өзендерін бойлай жайлаған Иман батыр ауылын 1838 жылы патша өкіметі отаршыларының орынсыз өктемдік жасап, шапқаннан кейін өз жасағымен Кенесары көтерілісіне келіп қосылған. Бұл мәлімет Е.Бекмахановтың «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты еңбегінде, халық ақыны О.Шипиннің мағлұматтарында айтылады. Ол Ресейдің отарлау саясатына қарсы үздіксіз он жыл бойы табанды күрес жүргізген қазақ елінің соңғы ханы Кенесары жасағының белді ұйтқысы, беделді әскербасыларының бірі болды. Ағыбай, Шоқпар би, Сайдақ қожа, Наурызбай сияқты ханның сенімді серіктерімен бірге, әрқашанда адал да әділ, батыл қимылдап, шешен сөйлейтін Иман батыр да Кенесары хан кеңесінің  мүшесі болды. Батырдың жасақ алдындағы беделіне сай – «Айеке», ең жасы үлкен әскербасылығы мен сақалын ескеріп «Көсем көк», сөздің майын тамызатын шешендігі мен ақылына орай  «Бозжорға» деп атап, «ол болмаса әңгіменің сәні келмейді» деп, Кенесары үнемі құрмет тұтқан. Ханның осы ықыласына орай қарт батыр да шайқастарда қапысыз қимылдап, қиын-қыстау кезеңдерде Кенесарыға деген адалдығынан айнымаған. Хан жасағының ынтымағы мен бірлігін сақтауға күш салған. 1839 жылы хан жасағы Есіл өзенінің бойындағы патша әскерлері бекінген Көкалажар деген  қамалды қоршап, ұзақ уақыт ала алмаған. Осы кезде Иман батыр шағын әскерімен білдірмей келіп, тұтқиылдан бас салып, отрядты тас-талқан етеді. Бұдан өзге Ырғыз,Торғай, Ұлытау жеріндегі ұрыстар барысында шұбырпалы Ағыбай, атығай Аңғал, сүйіндік Жанай, төлек Жәуке, сары Қошқар, табын Бұқарбай, қыпшақ Басығара, арғын Төлебай батырлармен тізе түйістіріп, «Адай бурылын» ойнақтатып, өз мыңдығын шабуылға бастап ерлік көрсеткен.  Кенесары ханның «Алланың маған күші жолбарыстай, айласы түлкідей Айекеңді бергеніне шүкір!» деп ризашылық білдіруі тегін емес. Батыр бастаған жауынгерлер Ақтау мен Ақмола аралығында қаптап жүрген әскери старшиналар Лебедев, Симонов, Карбышев, Қоңырқұлжа Құдаймендин, Ахмет Жантөрин сұлтандар бастаған жазалаушы отрядтарға қарсы соғыстарда белсенді күш көрсете білді. Патшалық Ресей 1845 жылы бірі орынборлық, екіншісі оралдық деп аталған Торғай, Ырғыз бекіністерін салғаннан кейін Кенесары хан көтерілісшілер жасағын еліміздің  оңтүстігіне қарай ауыстыруына  мәжбүр болды. Осы мәселеге орай жасақ басшылары арасында екіұдай пікір туған кезде Иман батыр көсемдік танытып, батырларды бірлікке шақырып, хан саясатын табандылықпен қорғап шыққан.  1847 жылы бірқатар қазақ батырлары аттарының басын кері бұрғанда берген антынан таймай, ханмен бірге қырғыз манабы Орманға қарсы Кекілік тауының шығыс беткейіндегі шайқаста, қазіргі Тоқмақ қаласының маңындағы Майтөбе деген жерде қолға түсіп, 67 жасында қаза тапқан. Осы соңғы соғыста батырмен бірге туған бауырлары Тауық, Кейкі, Қарауыл да қаза болған. Ал үлкен немересі Бердәлі аман қалып, ауылымен Андижанға барып паналаған. Амангелді Имановтың кейін табылған қойын дәптерінде оның нақты адресі көрсетілген.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Шәріп Иманов, Хамит Маданов. Батырдың биік тұлғасы. Алматы, «Қазақстан» баспасы, 1986 ж
  2. «Торғай елі» энциклопедиясы. Алматы, «Арыс» баспасы, 2013 жыл
  3. Таңатқан Рсаев. Дала дауылпаздары. Астана, «Фолиант», 2004 ж

 

А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық музейі.