Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» жарлығының негізінде біздің облыста да жұмыс басталды.Әр ауданда құрамында мұражай қызметкерлері, өлкетанушылар, мектептегі тарих пәндерінің мұғалімдері бар жұмысшы топтар құрылды. Жұмысшы топтың мақсаты: ел ішінде 1920-1950 жылдар аралығында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған тұлғаларды ұрпақтары мен туысқандары және сайттар, түрлі дереккөздер арқылы іздеп табу. Жинақталған деректер Қостанай облыстық өлкетану мұражайына жіберіліп, зерттеушілер тобына ақталған-ақталмағандығын анықтау үшін ұсынылады.Қостанай облысы бойынша қуғын-сүргінге ұшыраған және ақталған тұлғалардың тізімі Л.Толстой атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың сайтында жарияланды. Жерлестерден өтініш, ru.openlist.wiki сайтына кіріп, білетін кісілері жайлы ақпаратты анықтап, мұражайға хабарласса. Бүгінге дейін аудандық топтың ізденісінің нәтижесінде Амангелді ауданында туған, бірақ басқа өңірлерде ұсталған, немесе басқа өңірдің тумалары Амангелді ауданында ұсталған – барлығы 107 адамның аты-жөні анықталды. 2000 жылдары жарық көрген У.Хайруллиннің «Тағылымды шежіре» кітабында архивтен алынған 202 адамның аты-жөні көрсетілген. Бұл кітапқа сол уақытта басқа аудан болғандықтан Амантоғай өңірінен адамдар енбеген. Сондықтан мұндағы ақпарат пен тізім толықтыруды керек етеді. Зұлматты жылдарда жазықсыз жапа шеккен жандарды анықтау да оңайға соқпайды. Дегенмен, ел болып қолға алсақ әлі талай есімдердің анықталуы ғажап емес. Уақытында есімдерін атай алмаған, түрлі себептермен ақталмаған тұлғалар жайлы білетін мәліметтерді жинақтауға атсалысу – аруақ алдындағы парызымыз. Осы хабарламаны әлеуметтік желілер арқылы таратып, білетін деректеріңізді жұмысшы топтың жетекшісі, мұражай қызметкері Әбжанова Камшат Жарылғапқызына (жұмыс тел. 871440 22-0-65, ұялы тел.87021238467) тапсыруға болады. Іске сәт!
Сахан Оңжанұлы - Мұражай басшысы