«Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасы

 

Нәзір. Күрделі жұмыс бастағанда (мысалы егін салғанда, су келтіру үшін арық қазғанда, үй салғанда) бұрын әр адам «тәңірім, ісімді ондай көр», «қайырлы ете көр» деп нәзір жасаған.

 

«Нәзір» дегеніміз ауылдас адамдарын шақырып, бір малын сойып өзінің бастағалы отырған ісінің мән-жайын айтып әруақтарға дұға оқытып көпшіліктен бата тілейді. «Көп тілегі көл» дегендей жиналғандар оған «алла риза болсын», «тілегін қабыл болсың», «ісің оңға бассын», деген сияқты ізгі, баталы, аталы сөздерін айтып ризалық көңілдерін білдіреді.Өзінің әр ісіне ыждағатпен, сеніммен, шын берілгендікпен қарайтын халықтың осы ізгі жол ұлтымыздың жақсы дәстүрі мен әдет-салтының қасиетін айқындай түсетін тағы бір елдік нұсқа. 

 

Үме. «Үмеге келген үндемей қалмайды» (мақал).Үлкен, ауыр, көлемді жұмыстарды ауыл, ру адамдарды «бір жеңнен қол шығарып» бас қосып, көпшілік болып, бірігіп атқарады.Сонның бірі – үме. Әсіресе, қысқа мал азығы үшін жемшөп дайындағанда мал иесі жігіттерді үмеге шақырады. Қарулы азаматтар бел орақтарын шыңдап, қайрап іске кіріседі.20-30 жігіт қатарласа тұрып орақ тартады. Бір күн ішінде бірнеше тонна шөп шабылып, әрі жиналып алынады.Үмеге ет асаймыз деген бала-шағалар да көңіл көтеретін әнші, күйші, жыршылар да келіп өнер көрсетіп, жұрт серпіліп қалады.Үме – ұжымдасқан еңбек тойы.Мұндай істен ауыл азаматтары ешқашан шет қалмайды.

 

«Сірге мөлдіретер» (Дәстүр). «Бие ағытар күні берілген қымызды «сірге мөлдіретер» дейді.Бұған ауылдың ақсақалдары мен аналары шақырылады.Олар риза болып, алғыс айтып, бата береді.Кей жерлерде мұндай дәстүрді «сіргежияр» деп те атайды.Бұл да қазақтың жомарттық салтын көтере түсетін қасиетті дәстүр.  

 

 Жоғарыда көрсетілген қазақ халықының көнерген салт-дәстүрлері Сейіт Кенжеахметұлының «Жеті қазына» (Үшінші кітап) кітабынан алынған.