1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалыс көсемдерінің бірі, Амангелдінің үзеңгілес серігі, халық батыры Нұрмағамбет Көкембайұлының (Кейкі батыр) бас сүйегінің туған топырағына жерленуі ұлттық рухымызды бір аспандатқан еді.
Бас сүйекті Санкт-Петербургтен алдыруға, кейін батырдың бет бейнесін жасатуға қаржылай демеушілік көрсетуші - Сағдат Нұрмағамбетов атындағы қордың басшылары М.Нәлібаев пен С.Ысқақов. Мажар елінің астанасы Будапешт қаласындағы жаратылыстану ғылыми мұражайында Золтан Коршоштың басшылығымен бас сүйектен Кейкі батырдың бейнесі қалыпқа келтірілді.Тарихи іс-шараға Сенат депутаты Серік Ақылбай басшылық жасаса, бас сүйекті әкелуге бұрынғы үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың өзі барғанынан жұртшылық хабардар. Жуырда, Амангелді ауданының 90 жылдығы қарсаңында Кейкі батыр мүсінінің мұражайға табыс етілуі елеулі оқиға болды. Мүсінді Алматыдан алдырып, мұражайға тапсырушы -жергілікті кәсіпкер Ахметов Таңатар. Мүсінді мұражайға орнатып берген кәсіпкер бас сүйекке байланысты Венгрияның және Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігінің берген бірнеше құжаттарын қоса табыс етті. Енді кез-келген мұражайға келуші батырдың мүсінін көріп, құжаттармен таныса алады.