Ғайсин Жақсылық 1943 жылы 18 мамырда Жангелдин ауданы Аралбай ауылында дүниеге келген. 1974 жылы Семей зоотехникалық-малдарігерлік институтын, 1994 жылы Алматы саясаттану және басқару академиясын бітірген. 1968 жылы Рудный қаласында Бүкілодақтық екпінді құрылыста комсорг болып қызмет ете жүріп, комсомол ұйымдарының ішінде І орынға ие болып, комсомолдың 50 жылдығында Мәскеу қаласына делегат болып барған. 1969 жылы Арқалық ауданында аудандық комсомол ұйымының І, кейін ІІ хатшысы болып сайланған. 1973 жылы Қима ауданы ашылып, аудандық ауылшаруашылық кәсіподақ ұйымының төрағасы болып ауысады. 1978-1983 жылдар аралығында Қима ауданында совхоз директоры болып қызмет атқарды. 1983-1986 жылдары Амангелді ауданында агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы болып қызмет атқарды. 1986-1992 жылдары Иманов атындағы кеңшардың директоры, 1993 жылы Торғай облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1994-1997 жылдары Амангелді ауданының әкімі, 1997-1998 жылдары Қостанай облыстық ауылшаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 1998-2000 жылдары Жангелдин ауданының әкімі, Қостанай облысық ауылшаруашылық аумақтық инспекциясында ұйымдастыру бөлімінің бастығы қызметтерін атқарған. Жақсылық Ғайсин екі ауданда да халықтың жаппай көшуін тоқтатуға, аймақтың жергілікті өнімдерін пайдалануды жолға қоюға күш салды. Ақкөл мен Торғай, Қабырға өзенінен балық аулауды жүйелі арнаға түсірді, Торғайдың тұзын өндіруді, бақша егіп, қауын-қарбыз өсіруді ұйымдастырды. Шаруашылық және қоғам қайраткері, зоотехник қазіргі таңда құрметті демалыста.