Кеңес Одағы тарихының ең жұмбақ және қайғылы кезеңдерінің бірі - Ауған соғысы 1979 жылы 12 желтоқсанда басталып, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерінің ауған жерінен шығарылуымен аяқталды. Сандарға көз жүгіртсек, Қазақстаннан 22269 жауынгер интернациональдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды. Солардың арасында Аманкелді ауданынан да әскери борышын абыроймен өтеп от пен оқтың ортасында болған азаматтарымыз бар.Олар: Ағатанов Елебек Байғабұлұлы, Қыдырбеков Нұрмұханбет Жанбыршыұлы, Исмайлов Хамитбек Баяхметұлы, Нұрханов Скендірбек Кашқымбайұлы, Байниязов Абылай Мұхтарұлы, Ибраев Бахыт Рахымжанұлы. Отан алдындағы әскери міндеттерін адал орындады. Осы ағаларымыздың ерлігін үлгі тұту, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында және ауған соғысының аяқталғанына 35 жыл толуына орай Ы.Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің оқушыларына ақпараттық сағат өткізілді. Іс-шара барысында музей қорындағы ауған соғысы ардагерлерінің деректерінен «Ер есімі – ел есінде» тақырыбындағы көрмені музей қызметкерлері таныстырды.