Бес қарудың бірі шоқпар ежелден қасиетті қаруға баланған. Ердің бір қанатындай болған бұйым тіршілікке тірек қана емес, жалғыз жаяу жолаушының жан серігіне айналған кездер аз емес. Қарудың тасасында жұмбағы көп тылсым сыр тағы бүгіп жатыр. Әріден жеткен аңыз-дастандар да шоқпардың шоқтығы биік қару екенін айқындайды.

Өз үйінің бір бөлмесін шағын шеберханаға айналдырған шебер Нұрлыбек Рәбілұлы Кейкі батыр (Нұрмағанбет) Көкембайұлына арнайы арнап жасаған шоқпарды біздің музейге тарту етіп отыр. Аманат етіп тапсырушы еліміздің айтыскер ақыны - Айбек Қалиев бастап, әдебиет сыншысы, алаштанушы-ғалым - Елдос Тоқтарбай, әдебиет тарихшысы, сыншы, алаштанушы - Заңғар Кәрімхан қостап Кейкі батыр шоқпарын музейде іс-шара өткізіп табыстады. Сонымен қатар, белгілі ақын Хасен Зәкәрияның сөзіне жазылған шебердің «Шоқпар» атты балладасы мен «Шоқпар жасайтын шебер» атты «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан мақаласын да тарту етті

Жиынға Кейкі батырдың ұрпақтары, «Тағылым» ардагерлер үйірмесі және музей қонақтары қатысты. Кейкі батырды насихаттаушы, «Асық ату» федерациясының президенті - Жомарт Сабыржанов пен бірнеше атаулы кісілер сөз сөйлеп, өз алғыстарын айтты. Іс-шара соңында музей басшысы Сахан Оңжанұлы келген кісілерге алғыс айтып, «Уақытпен үндескен өңір» атты музей және аудан тарихы баяндалатын жинақты табыстап, тапсырылған шоқпар музейге келген қонақтарға таныстырылып, ары қарай жұмыстар жүргізілетінін айтып өтті.