21-22 қазан күндері А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық музейі қызметкерлері Амангелді ауданындағы Үрпек, Қарасу ауылдарындағы атадан балаға берілген ұсталық және зергерлік өнерді жалғастырып, халық арасында насихаттап келе жатқан  ұста, зергерлердің ұрпақтарымен кездесулер өткізді.

ХХ ғасырдың басында темірден түйін түйген ұста, зергер Мырзахмет Елікбаевтың немересі, Амангелді ауданындағы Қарасу ауылының тұрғыны Бейбіт Мырзахметов ата өнерін 15-16 жасынан меңгеріп, атасы Мырзахметтен қалған төс, қалып, өрнек салатын зергер құралдарын пайдалана отырып таза күмістен әшекей бұйымдар соғып,  халық игілігіне ұсынуда.  Арғы аталары Елікбай да, Қожахмет те, Мырзахмет те ұста, зергер болған ағайындылар Бейбіт зергер болса, үлкен ағасы Бақыт Алматы қаласында суретші.

Колхоз кезінде құрдасы ағаш шеберлері, ұста Сейтенов Сейткамалмен бірге халық тұтынатын тұрмыстық заттар, ер-тұрман жасаған Рахмет ақсақалдың баласы Ахметқали Рахметов бүгіндері жасы жетпістің ортасына келсе де ата кәсібін жалғастырып келеді. Шебер, зергер Ахметқали ақсақал әкесі ағаш шебері, ұста Рахметтің пайдаланған көрігін музей қорына тапсырды.  

Торғай өңіріне белгілі зергер Садуақас Көгентаевтың немересі Тимур ұстадан қалған құралдарын көзінің қарашығындай сақтаса,  үлкен немересі Тұрсынғали атасынан дарыған дарынымен зергерлік бұйымдар жасайды. Іс-шара барысында зергерлердің тұтынған құралдарымен, әшекей бұйымдар соққан күмістерін, сөлкебайларын (тиындар), ақық, янтарь тастарын көрдік және оларды қолдану әдісі туралы мәліметтер алдық.

Іс-шараға жоғарыда аталған ауылдардың мектеп оқушылары қатысып, зергерлердің жұмыс сәтін қызыға тамшалады.