Үдербай мен Қалампыр

 

Халық батыры А.Имановтың әкесі Иман ұлы Үдербай Қайдауыл болысы Терісбұтақ жерінде дүниеге келген. Иман батырдың үшінші ұлы. Үдербай шаруа баққан момын кісі екен. Мал, жер шаруашылығымен айналысып, балық аулап, аңға шыққан. Әйелі Қалампыр Үдербайды: «Екі иығына екі кісі мінгендей, кең жауырынды, ұзын бойлы, мұрны дөңестеу, маңдайы жазық, көз жанары өткір, қараторы сүйкімді, қабағы қалың, қасы қосылған» деп суреттейді.

Алакөл – Үдербайдың ежелгі ата қоныс мекені. Бар тіршілігі осы жерде өткен. Ұстағаны әкімдік болмағанмен, табан ақылға бай Үдербай кеңес үкіметі кезінде жарық көрген басылымдарда айтылатындай ондай тақыр кедей болмаған, орта дәулетті шаруа адамы. Кей деректерде әкесі Иманға еріп, бауырлары Боралды, Балықтармен бірге Кенесары Қасымұлының әскері қатарында бастапқы шайқастарға қатысып, жарақат алған деседі. Кейіннен Үдербай мен Баймұраттың арасындағы бұрыннан келе жатқан жесір дауына жер дауы қосылып, екеуінің арасындағы келіспеушіліктен Үдербай соққыға жығылады. Үдербай ұзаққа созылған ауыр науқастан айықпай, 1879 жылы  дүние салады. Бұл кісі жайлы деректер тек Бақыт Имановтың «Амангелді» романының «Батырдың балалық шағы» бөлімінде ғана кездеседі. Көп мағлұмат жоқ.

 

Анасы - Қалампыр Қақуқызы 1848 жылы Ұлытау өңірінде дүниеге келген. Ұлытауды жайлаған атақты Бердікей ишандардың ұрпағы. «Сары ишан әулеті» атанған ағалары Бірмағанбет,Әбдірайым, Құлмағамбет ишандар Бұхарада оқып, арнаулы діни білім алған, Ұлытау, Торғай өңіріне атағы шыққан ғұлама кісілер. Құлмағамбет Арыстанұлы - аймағында Талпақ Байтөреұлы деген шеберге тұңғыш мешіт салдырып, кейін оның жанынан медресе ашқан. Әкесі Қақу қызын осы медреседе оқытып, ол кезде қыз түгілі көптеген ер балалардың қолы жете бермейтін   «орта» білім әперген. Қақу -  ағалары Тасбай, Тасмағамбеттің айтуымен 1867 жылы қызын Үдербайға қалыңсыз ұзатқан. Қалампыр Үдербайдан Бектепберген, Амангелді, Амантай есімді үш ұл сүйді. (1879 жылы күйеуі дүние салған соң, қайнағасы Балыққа  тұрмысқа шығып, одан Есентай есімді ұл, Назгүл есімді қыз  көрді).

Көз көрген замандастарының естеліктеріне қарағанда, Қалампыр қараторылау, етжеңді, ер тұлғалы, өр мінезді, өткір сөзді әйел болған. Уәделі еңбек ақысын ала алмаған соң ту байталын мініп, бір қойын өңгеріп қашып кеткен бала Амангелдіден мал даулап келген Таутабай Байсақалұлына алмас пышақты ала ұмтылып: - Алса, баламның адал ақы, маңдай тері. Осыдан, құла байталға қолың тисін, мына қара пышақ не байталды, не сені жарады. Ноқталы басқа бір өлім, ауыртпалығын өстіп өзім-ақ көрейін. Малың болмаса, Таутабай, сенің басың менің баламның басынан қадірлі емес, - деп, ерге тән қимыл көрсеткен екен. Өжеттігімен қоса білімді көзі ашық әйел кезінде өз балаларына көрші-көлемдерінің балаларын қосып оқытып, сауаттарын ашқан. Ұрпағы Шәріп атамыздың айтуына қарағанда немерелерін де алғашында өзі бастап оқытқан. Өр мінезді, тілге шешен, ағайынға жағымды, ақыл-парасатымен елге қадірлі болған Қалампырдың өз балалары бойында адамгершілік абзал қасиеттердің қалыптасуына зор ықпал еткені сөзсіз.  Батырдың үзеңгілес серіктерінің айтуынша 1900 жылы түрмеге қамалған Амангелдінің елдегі ағасы Бектепбергенмен құпия, түсініксіз түрде хат жазысып тұрғанын айтады. Бұл хаттарды екеуінен басқа ешкім оқи алмаған. Екеуі де әріптерді теріс жазып, хаттарын айнамен оқиды екен. Бұл бір адамның қолы, бір кісіден ғана үйренген әдіс. Ендеше, балаларын өзге жұрттан зерделі, білімдірек етіп тәрбиелеген Қалампырдың ісі бұл. Осыған қарап, біз Амангелдіге оқу, білім өз от басында, ана сүтімен бірге дарыған дей аламыз.

 Кеңес өкіметі уақытында кей кітаптарда келтірілген «Батырдың әкесі 7 жасында, шешесі 13  жасында қайтыс болды» деген қате деректер болды. Шындығында, Қалампыр 1924 жылы  (кей деректерде кездесетін 1926 жыл емес) күз айында қайтыс болған. Бұл туралы 1992 жылы «Торғай таңы» газетінде батырдың туғанына 120 жыл толу қарсаңында  Қабылда Әбжанұлының «Амангелдінің анасы» атты мақаласы жарық көрді. Онда баяндалғандай: «1924 жылы күзге таман біз Батпаққара табанына келгенде Қалампыр анамыздың бірер апта бұрын қайтыс болғанын естідік. Әке-шешемнің барып бата қылғаны, қабірінің басына құран оқығаны есімде. Қалампыр Қақуқызының сүйегі Үрпек ауылының ортасындағы қорымға жерленген. Басында ешқандай белгі жоқ, жер болып кеткен», - дей келе, мүмкіндік тауып Қалампырдың қабірін іздестіру, табылса басына белгі қою туралы мәселе көтереді. Торғайдағы «Партизан сайынан» батырдың сүйегін әкелгенде, «Бегімбеттің Алакөліндегі» қорымда жатқан Амангелдінің бәйбішесі Рәщтің жанына жерлеуге ақыл берген анасы Қалампыр болатын.

Аудан орталығындағы А.Иманов мемориалдық музейінде батырдың анасы Қалампырдың төсекағашы сақталған.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Т.Рсаев «Дала дауылпаздары», Астана -2004ж.
  2. «Торғай елі» энциклопедиясы.
  3. «Уақытпен үндескен өңір» «Қарлығаш» баспасы, 2019 ж
  4. «Торғай таңы» газеті, 1992 ж, маусым
  5. Бақыт Иманов «Аманкелді» Қостанай – 2003 ж

 

А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық музейі.