18 мамыр - Халықаралық музейлер күні. Бұл мереке 1977 жылы Мәскеу қаласында бекітіліп, 1978 жылдан бері көптеген елде мерекеленіп келді.1997 жылы тұңғыш рет «Музей түні» шарасы Берлин қаласында өткізілген. Бүгінгі таңда республикамыздың барлық өңірлерінде «Музей күнін» өткізу қолға алынды. Ауданымыздың Батыр есімін иеленген музейінде бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған «Музей түні» биыл да жалғасын тапты. Сағат 19:00-23:00 аралығында А.Иманов атындағы мемориалдық музейінде халықаралық музейлер күніне арналған «Музей түні-2022» атты  іс-шарасы өтті.

   Іс-шара музейдің сыртқы алаңында көңілді, дәстүрлі әнмен басталып, аудан әкімі мерекемен құттықтады. «Ұлттық дәстүр» тақырыбында келушілер арасында (асық ату, алтыбақан тебу, тоғызқұмалақ) ұлттық ойындар ойнатылып, ХІХ-ХХ ғғ картиналар таныстырылды. Сонымен қатар, кіре беріс холда музей қорында сақталған “Тарихы терең Амангелді” атты 1916 жылғы  ұлт-азаттық көтеріліске 90 жыл толуына орай өткізілген конференция бейне таспадан көрермен назарына ұсынылды. Жас бүлдіршіндер үшін қуыршақ театрының қойылымы мен ертегі мультфильмдер көрсетілді. «Өткен ғасырға саяхат» атты ретро кабинетте музей қызметкері келушілерді қабылдап, экскурсия жүргізді. Онда 50-60 және 70-80 жылдардағы бұйымдардан көрме көрсетіліп, қазақы ұлттық киіз үйдің ішкі көрінісі ұсынылды. Іс-шара арасында «Өлке тарихы»  тақырыбында қонақтарға арнап аудан тарихына қатысты викториналық сұрақтар қойылып, жауап берген кісілерге шағын сыйлықтар берілді. Мерекелік іс-шараны тамашалауға мыңнан астам адам келді. Келушілер музей ішіне экскурсия жасап, өздерінің ыстық ықыластары мен алғыстарын білдірді. Сонымен қатар музейдің ардагер басшылары мен қызметкерлері келіп, өткен шақтан сыр шертті.