18  мамыр - Халықаралық музейлер күні мерекесіне орай және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында  Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ұйымдастыруымен Торғайдың Жангелдин мұражайлар кешені, А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық музейі және Қостанай қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық музейі бірлесіп, жалпы республикалық  «Музейлер шеруі» акциясына қатысты. Іс-шара барысында А.Иманов атындағы мемориалдық музейі «Тағылымды тарих - тәуелсіз ел шежіресі» атты жылжымалы көрмелер топтасын көрерменге таныстырды. Жылжымалы көрмелер топтамасында: археологиялық бұйымдар, 1916 жылдың айтулы тұлғалары Әбдіғаппар Жанбосынұлы, Амангелді Үдербайұлы, Кейкі Көкембайұлы туралы мәліметтер, жеке заттары, Амангелді батырдың оқшантайы, Амангелді батырдың жұбайы Балымның (Балбике) белбеуі, түиреуші, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қазақ батыры Тілеулінің қанжары, 1916 жылы мыңбасы болған Амангелді Үдербайұлының сенімді серігі Әлжан Қарабайұлының кісе белбеуі;  Жоғарыда аталған тұлғаларға арналған кітаптар, Амангелді ауданының 80, 90 мерейтойларына  арналған кітаптар, аудан аумағында орналасқан қасиетті орындары таныстырылды. Содан кейін, А.Иманов музейінің құрылғанына 50 жыл толуына орай шығарылған «Уақытпен үндескен өңір» кітабы және аудан мектептерінің  білім беру бөлімімен мектептерінің тарихы және ұстаздары жайлы шығарылған «Қалдырған ізің мәңгілік» атты кітаптардың таныстырылымы өтті. Сонымен қатар, көрермендер Амангелді ауданының 90 жылдығына орай түсірілген «90 жылдың торабы атты» деректі фильмді тамашалады. Іс-шара Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педогогикалық институтында Ы.Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінің ұйымдастыруымен өткен Ұлы ағартушының туғанына 180 жыл толуына арналған «Ы.Алтынсариннің ағартушылық тағылымы» атты  ғылыми-танымдық  дөңгелек үстелмен  жалғасты.