Халық батыры Амангелді Үдербайұлы Иманов жайлы айтқанда, негізгі зерттеулер Кеңес үкіметінің тұсында жүргізілгендіктен, өмір жолы мен күресі сол кезеңдегі идеологияға негізделіп жазылғандығы жасырын емес. Батыр өмірін зерттеуші энциклопедист ғалым, журналист Таңатқан Рсаев былай деп жазады: «Жаныма батырдың бел баласы Шәріп ағамызды ертіп, академик жазушы Ғ.Мүсіреповке бардым. Әңгіме барысында Ғабең: Амангелдінің өз тұлғасы өзіне жетеді. Оны бояп, әсерлеп, әрлеудің қажеті жоқ. Оның да пендеге тән мінездері болғанымен, халық басына қаралы күн туып, қасірет шалған шақта ерге тән қайрат танытып, қайыспай көтерген жүгі бір азаматқа жетерлік. Ол елдің – елдігі, ердің – ерлігі сынға түскен кезде қас қақпай жауына қарсы тұра білген, барар жерін, батар жүгін көре тұра, өзінен жүз есе күші басым дұшпанына қасқайып қайрат көрсеткен хас батыр. Ол қиялдан қоса беретін баяғының Қобыландысы да, Алпамысы да емес. Оқыған-тоқығаны, өмірден түйгені, көргені көп, алды-артын бажайлай алатын, көзі ашық, көңілі ояу күрескер,- деген еді». Амангелді кім? Халқымыз білікті  ғалымдардан әлі күнге дейін Амангелді туралы айғақты дәлелдерге сүйенген, азаматтың ақиқат тұлғасын танытатын байсалды тұжырымдар күтеді. Батыр 1873 жылы 3 сәуірде  Торғай уезіндегі Қайдауыл болысында Терісбұтақ деген жерде дүниеге келген. Әкесі Үдербайды шаруа баққан момын кісі екен десе, атасы Иман - Кенесарының белгілі батырларының бірі. Жазылып жүргендей Иман әулетін тақыр кедей қылу шындыққа жанаспайды, орта дәулетті болған. Амангелді өзінің «Шежіре – кітабында»: «1915 жылы 13 мартта 80 ірі қой, 39 бойдақ, 21 ешкі, жамғысы төлден басқа 140 болды» деп жазуына қарағанда оның онша желісі қураған кедей болмағанын көреміз. Ол күнделікті өзгеріп тұратын сойыс малының есебін тіркеген де, жылқы, сиыр, түйе жағын жазбаған. Батырдың өзі алты жасқа толғанда әкесі қайтыс болса, анасы Қалампыр баласынан көп кейін, оның жоқтау жырын айтып, 1926 жылы 78 жасында көз жұмып, қазіргі Үрпек ауылындағы зиратқа жерленген. Амангелдіні анасы (өзі де сауатты болған) бір жылдан соң ауыл молдасына оқуға берген. Молдадан мұсылманша  төрт жыл оқып, Дулығалыдағы медреседе  жеткілікті дәрежеде білім алған. Орысша да сауатты болғанын зерттеушілердің еңбектерінен білеміз. Жастайынан бәйге, көкпар, теңге ілу, қыз қуу тәрізді ат өнерінің шебері атанып, көздегенін қалт жібермейтін мерген болды, күреске түсіп палуан да атанды. Еңбекке де ерте араласқан Амангелді бақташылық өмірі он бес жасында өз ауылында басталып, онан соң басқа байлардың ауылында жалғасты. Достары мен серіктерінің кейіннен еске алғанындай, Аманкелді бала күнінен-ақ, әділетсіздікке ымырасыз болған. Қандай болмасын әділетсіздік пен жәбірлеу оның бойында сол кездегі құрылысқа деген ашу-ызаны, жек көру сезімін туғызды. Шынында, батырдың өмір жолына байланысты архив сүзушілер оның оқығанынан тоқығаны көп, тағдырмен тайталаста, аласапыран күрес үстінде өсіп, ірі саяси тұлғаға айналғанын айтады. Дұшпандары қисынсыз неше түрлі жала жауып, патша чиновниктері мен дуан басшыларының көз алдында «суық жүрісті» адам саналған Амангелді елден ертерек ығысып, бой тасалап, Қарсақбай, Байқоңыр, Алтынжар кеніштеріне барды. Ол түрлі жаламен 1900 жылы түрмеге қамалып, 1906 жылы қайта қудаланып, басынан қилы кезеңдерді өткізеді. Амангелді қазақша шыққан кітаптарды жақсы білумен қатар, Орта Азия халқы тілінде жазылған кітаптарды да оқып, мәтінін қазақша аударып отыратын. Архив құжаттарындағы естеліктерде оның басқа тілдерде жарық көрген «Хикмет Иасауи», «Софы Аллаяр» тәрізді кітаптарды оқып қана қоймай, мазмұнын дастархан басында жиналғандарға талай рет айтып беріп, рухани байытып отырғандығын баяндайды. Абақтыға жабылған кезінен бастап Амангелді орыс тілін тереңірек білуге талпынды. Сауаттылығының арқасында өзінің әйгілі «Шежіре-кітабын» жазды. Оның «Патшалардың һәм қазақтардың тарихы» деген еңбегінің әр сөзіне қадағалап қарасаң, оның ар жағында әртүрлі қоғамдық ойлар жатқанын көресің. Қазақ және Орта Азия халықтарының орыс патшалығына қашан бағынғанын сонша қадағалап зерттеу ол кездерде жоғары білімді қазақ оқығандарының да көңіл аударған жұмысы емес. Патшалардың тарихын Амангелді әлде қандай кітаптан аударып алғаны даусыз болу керек. Бірақ сол заман үшін, сол қыр қазағы үшін осының өзі қымбат, рухани мінез! Кітаптан көшіріп ала отырып, бұл мәселелерге Амангелді өзінің елдік тұрғыда қарайтынын жасырмаған. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат қарапайым халықтың балаларының білім алуына қол жетімді болу үшін мектеп ашу ісімен айналысқанын да бәрі біле бермеуі мүмкін.   

Аманкелдінің кеңесімен Қайдауыл болысындағы қазақ кедейлері 1906 жылы патша қазынасына салық төлеуден бас тартты. Аманкелді қазақ еңбекшілерінің Қараторғай және Қайдауыл болыстарында байлардың шабындық жерлерді заңсыз басып алуларына қарсы наразылықтарын ұйымдастырып, оны өзі басқарды. Қайдауыл болысы уезден келген жандармдардың көмегімен Аманкелдіні тұтқындамақ болған кезде, бұқара оны қорғап қалып, ұйымшылдық көрсетті. 1908 жылы Иманов қазақтардың көтерілісін Торғайдағы патша әкімшілігіне қарсы бағыттағаны үшін тұтқынға алынды. 1913 жылы Ұлытаудағы жәрмеңкеде де қарулы жасақпен қақтығыста болып, істің аяғы 1916 жылға дейін ұласады. Бұл уақытта оның есімі Торғай даласында кеңінен тараған еді.  Амангелді көтеріліске дейін-ақ Кейкімен жақсы достық қарым-қатынаста болып, Әбдіғапармен сыйласып, тату тірлік кешеді. Шындықты батыл бетке айтатын, қызуқанды батырды сол уақытта да «барымташы», «бұзақы» деп сыртынан жала жауып, Әбдіғапар, Кейкілермен араздастыруға тырысқандар болған. 15 жасында еңбекақысын дұрыс төлемеген байдан ту биесін алып кеткені, Шашамбай, Сүтемген, Бектасбай балаларынан жәбір көргендердің жоғын жоқтап, атқа мінгенін кейбіреулер әлі қарақшылыққа балайды. Тарихшы А.Нұрқанов зерттеуінде былай дейді: «Тілеулі Қыпшақтан шыққан Қылдыбай Тоқтыбайұлы деген бай Торғай еліне кірме, руы кіші жүз Жаппас Смағұл Жайлыбайұлы деген  кісіні мойнына арқан салып, атпен сүйреп өлтірген. Өзіне жылап келген Смағұлдың екі туысқанына еріп, бір топ жігітпен Қылдыбай ауылына барады. «Әй, Амангелді түбіміз бір тілеулі-бегімбет едік, сенің айдаладағы қаңғырып жүрген жаппастың жырын жырлап келгенің қалай?» - деген болысқа: «Әй Рахмет, менің жоқтайтыным жаппастың ары емес, жазықсыз өлген жанның өлімі» деп, аталастарына қарсы дауға отыруының өзі-ақ көп нәрсені айғақтап береді. Осыған қарап, батырдың өз кегі, ата, рудың шегінен асып бүкіл ел қамы үшін, әділдік жолында атқа мінгенін көреміз. Мыңбасы Әлжан Қарабайұлы Ғабит Мүсіреповке айтқан естелігінде: «Бай ағамыз (Рахмет Шашамбайұлы) сонау Көкшетау оязында ұры ұстайтын байлармен қолдас болатын. Солардың арызымен Амангелдіні Көкшетау оязына екі рет сотқа тартқызғаны бар» дейді. Патша жарлығына қарсы шығудан басталған көтеріліске басшылық жасауға Амангелді мен Әбдіғапар өздерінің ақыл-парасаты, табандылығы, қайсарлығы, ел алдындағы үлкен беделділігі арқылы сайланды. Сол бір қиын-қыстау кезеңде қалың ел кімнің етегінен ұстауды екшемей қалған жоқ. Таңдау осы екеуіне түсті. Бұған дейін оларды осыған дейінгі көтерілісті дайындау жолындағы жүргізген жұмыстары да ескерілмей қалған жоқ. Халық көтеріліс билігін ресми бермей тұрып-ақ олар елге басшы бола алатынын танытқан еді. Көтерілісшілердің өкімет билігін сайлаған ұлы жиыны 1916 жылдың күзінде (қазан айының аяқ шені) Торғай өзенінің жағасына таяу (Қараторғай мен Жалдама қосылып, үлкен Торғай басталар тұсы) Қоғалыкөл деген жерде атақты Мұхамеджанның қызыл үйінде (кейін бұл үй тарихи-мәдени ескерткіш ретінде 1975 жылы аудан орталығына көшіріліп салынған) өткен. 13 болыстың басын қосқан ұлы жиында ақ киізге салып хан көтеріп, сардар болып сайланған Әбдіғапар мен Амангелдіге атақты шешен Қараман Досай қажы ұзақ жырмен бата берген. (Әбдіғапарға берген батасы сақталмаған). Дулығалы өзенінің бойындағы бердікейлер мешітінде құрбандыққа қошқар шалып, ишандардан бата алып  жорыққа аттанған көтерілісшілердің бұдан кейінгі әр шайқасы тарих беттерінде қаттаулы.  

1916 жылы Торғай даласынан бастау алған көтеріліс бүкіл қазақ даласын шарпыды. Торғайдағы Ұлт азаттық көтеріліс Қазақстан тарихындағы жеңілмеген көтеріліс болып қалды. Өйткені, А.Иманов бастаған Торғай көтерілісшілері әуелде қолдарына қару алып, атқа мінгендегі негізгі мақсаттары – майданның қара жұмысына адам жібермеу міндетін толық орындап шықты. Торғай облысы бойынша жоспарланған 60 мың адамнан бір адам да жіберілген жоқ. Досы Әлібимен тығыз қатынаста болғаны, екеуінің де түпкі мақсаттары қаймана қазақтың ешкімге қор болмай, бейбіт, бақуатты тірлік кешіп, өзге елмен терезесі тең болғанын қалағаны көзі ашық, көкірегі ояу әр адамға белгілі. Алмағайып кезеңде, ақгвардияшылардан азат етілген  Торғай уезінің әскери комиссары болып тағайындалды. Академик Манаш Қозыбаев: «Мұрағат қоймасында Әлібидің бір естелігі сақталған, - деп, Әлекең Амангелдінің үш қасиетіне арнайы тоқтапты. Біріншіден, Амангелді діндар жан еді. Бес мезгіл намазын қаза жібермейтін. Екіншіден, көзі ғажап еді, қадалып қарағанда көзінің нұры өңменіңнен өтіп кететін. Амалсыздан, көзіңді тайдырып әкетуге мәжбүр болатынсың. Ал, көздеп атқанда, құралайды көзінен тигізетін қас мерген еді. Үшінші, орта бойлы, дөңес мұрынды, жай қарағанда қалың қазақтан өзгешелігі жоқ сияқты. Амангелді қиын-қыстау, алмағайып кезде «бас кессе де, тіл кеспегі жоғын» алға тартып, кімнің алдында да бұғып, бой таса жасаған емес, нағыз топжарғанның өзі болатын». Мұсылманша сауатты болған батыр дінді теріс көрмеген. Оның адамгершілік қағидаларын қатты ұстанған, насихаттап елді адамгершілікке, имандылыққа шақырған. Балымның әйгілі жоқтауында батырдың дін жолында жүргендігін «шариғатты шын дұрыстап, дін жолына бас қойды» деуі де тегін емес болар. Азамат соғысы жылдарында Ә.Жангелдинмен бірге Қазақстанда тұңғыш ұлттық Қызыл әскер бөлімдерін ұйымдастырды. 1918 жылы қарашада Амангелді және Ә.Жангелдин басқарған отряд Торғай қаласын ақ гвардияшылардан азат етті. 1919ж 20 сәуірде Торғайда Кеңес өкіметі құлатылып, Амангелді тұтқынға алынды. 18 мамырда өлтіріліп, мәйіті бір жылдан кейін Алакөлге, кейіннен Амангелді ауданының орталығына әкелініп жерленді. Қабірінің басына Қазақстанның халық суретшісі Х.Наурызбаев жасаған әдемі ескерткіші орнатылды.

Батырдың ұрпақтары - Рамазан, Шәріп есімді екі ұл мен бауырына басқан қызы Мәкен. Бүгінде немере, шөберелері, жиендері Қазақстанның әр өңірлерінде тұрады. (Материалды дайындау барысында Т.Рсаев, Б.Әлмағамбетов, М.Сүлеймен еңбектері, естеліктер, архив материалдары пайдаланылды).

Сөз соңы: Амангелді батырдың азаматтық тұлғасы, күрескерлік мақсаты, қолбасшылық қызметі осы көтерілістің ұйымдастырылу, туу және өту барысында айқын көрінді. Қашаннан пендеден періште жасағымыз кеп тұратын әдетіміз бар.Тұлғадан мін іздеп, кемшілік тауып, қаралауға, сөз таластыруға дайын тұрамыз.  Кеңес үкіметі орнағаннан кейін заман ағымына сай сол қоғамға қызмет еткенін жоққа шығаруға болмас. Патша үкіметі тұсында әділетсіздікті көп көрген оның жаңа үкіметтен үміт күтуі заңдылық еді. Аумалы-төкпелі кезеңде қазақ зиялылары мен дала батырларының басын біріктірмейтін көп себептері болды. Қателіктерге де бой алдырды. Бәрінің түпкі мұраты бір болғанымен, әрқайсысы күресте өз жолын таңдады. Батыр - қазақ азаматтарын бір-біріне қарсы қойған аласапыран уақыттың алмағайып саясатының құрбаны болды. Дала қыраны Амангелдінің өзіндік көзқарасы, ел ішіндегі беделімен үлкен саяси тұлғаға айналғаны ақиқат. Тұтас ұлт болып ұлықтаған ұлы батыр Амангелдінің есімі мен ерлігі кейінгі ұрпақтарды да  рухтандыра беретіні сөзсіз.         

 

Сахан Оңжанұлы

А.Иманов атындағы Амангелді

мемориалдық музейінің басшысы