«Ерлік дәстүр жалғасы»

1969 жылы құрылған А.Иманов атындағы мемориалдық мұражай - тек батыр ғана емес, 1916 жылғы көтеріліс пен оған қатысы бар тұлғаларды да насихаттайтын, тарихи жәдігерлерді сақтап ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші мәдениет ордасы. Көтерілістің басшылары Амангелді сардар, Әбдіғапар әмір, Кейкі мерген, мыңбасылар мен билер, сарбаздар мен ұсталар жайлы мәліметтер, кейбіріне тиесілі құнды жәдігерге айналған бұйымдары сақталған музей - өткен тарихымыздың жылнамашысындай келушілерге қызмет көрсетіп келеді. Бүгінгі баяндамаға негіз болып отырған Ұлт азаттық көтерілісті ұйымдастырушыларының ата-бабалары да қазақтың амандығы мен азаттығы үшін күрескен батырлар екендігі. Аттың жалы, түйенің қомында жүріп ұлан байтақ аумағын найзаның ұшы, білектің күшімен қорғаған көшпелі халықтың батыр болмауы мүмкін еместей болғанымен, «ұлыдан ұлы туатын» ұрпақтар сабақтастығындай көрінеді. Жоңғарлардың шапқыншылығын қоя тұрып, кешегі қазақтың соңғы ханы Кенесарыны да ақырына дейін қолдаған батыр бабаларымыз еді. Халық батыры Амангелдінің атасы Иман Кенесарының хан кеңесінің мүшесі болған, ханның өзі «Айекем», «Боз жорға», «Көсем көк» деп құрмет тұтқан. Белгілі ғалым Е.Бекмаханов «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген еңбегінде Иманның Кенесарыға қалай қосылғанын баяндайды. Торғай, Ұлытау, Ырғыз өңірлеріндегі шайқастарда шұбыртпалы Ағыбай, атығай Аңғал, сүйіндік Жанай, төлек Жәуке, сары Қошқар, табын Бұқарбай, қыпшақ Басығара, Арғын Жеке батырлармен тізе түйістіріп, «Адай бурылын» ойнақтатып, өз мыңдығын шабуылға бастап Иман Дулатұлы да жүрген. Ханға берген антына адалдығын дәлелдеп, сын сағатта қырғыз манабы Орманға қарсы соғыста өзінің үш бауыры – Тауық, Кейкі, Қарауылмен бірге Кекілік тауында қаза болған. Кенесарының сенімді серіктерінің бірі төлек Жәуке батыр да біраз ұрыстарға кірген. Оның ерлігі мен беделі Қарсақпай жырау айтты дейтін «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» деген өлеңінен айқын аңғарылады.  Баласы Орынбек (кей деректерде Орманбек) он алтыншы жылғы көтерілісте мыңбасы боп қол бастаса, немересі Әмірбек жүзбасы болған. Ел билігіне араласқан Орынбек болыстыққа да таласқан. Әмірбек «Доғал-Үрпек» соғысында қаза болғанын халық ақыны Сәт Есенбаев былай деп жырға қосса:

Өзгесін айтып қайтейін,

Әмірбек пен Мырзабек

Тірілмейді қайтадан... Амангелділік Ғазиз Әмірхамзаұлы «Жеті батыр» дастанында:

Күреске талай түскен топты жарып

Әмірбек енді бірі тұрған жанып,

Тұлғасы арыстанның мүшесіндей.

Балуан, жауырынды, денесі алып.

Жолында аты шыққан жүрген жорық,

Атанған топ ішінде батыр болып.

Еді бұл немересі төлек Жәуке

Кезі еді жиырма беске келген толып,- деп жырлаған екен. Доғал – Үрпек шайқасында Тыныбай тоспасында қоршауда қалған мергендердің бәрі шейіт болғанда, ең соңында Әбдіғапардың інісі Жағыпар мен Әмірбек қалып, жаралы арыстанша арпалысып қаза болған.  Жиырма бесінде шейіт болған Әмірбектің қылышы қайырылып, мүрдесінің астынан шыққанын айтады.Кенесарының батырларының бірі аты қазаққа мәлім – Қошқар батыр Дауұлы. Батырлығымен бірге көріпкелдігі бар Қошқар батыр жайында ел ішінде көп әңгімелер айтылады. Замандастары Иман, Жәуке батырға айтқандары ауыздан-ауызға тарап, аңызға айналған. Қошқар батырдың ұрпақтары да ата аруағына, даңқына сай болды. Үлкен баласы Аяпберген ауызы дуалы би болса, оның немересі Тоққожаұлы Бижан  әрі бай, ел басшысы болған адам. 1916 жылы патшаның маусым жарлығына қарсы шығып, халықтың өтінішін жеткізуші Санкт-Петербургке барған атақты төрт адамның бірі болған. Әбдіғапар, Амангелділерді қолдап, көтерілістің құрылтайын ұйымдастырушылардың бірі Бижан 1929 жылы Батпаққарадағы Кеңес үкіметіне қарсы көтерілісте көзге түсіп, қуғынға ұшыраған. Жер аударылып, Тәжікстанда Ферғана каналының құрылысына қатысқан. Содан қайтып елге оралмаған. Халық арасында құралайды көзге атқан, атақты «қол мерген», аты алашқа аңыз болған Кейкі батырдың атасы Төрештің Торайғыры, ағайындары Жәукенің Сәбденбегі, Құлымбектің Өтелісі де Кенесарыға қосылған Құлан руының батырлары еді. Бұларда мергендік атадан балаға қанмен беріліп келе жатқан қасиет дейді екен. 1916 жылғы көтеріліске белсене араласып, қару соққан Баязит ұстаның әкесі Төлегеннің де Кенесары көтерілісінде қол бастағанын, Наурызбай батырмен бірге Жасауыл қырғынынан аман шыққан бес батырдың бірі екенін көпшілік біле бермейді. Осы Жасауыл қырғынынан аман шыққанның бірі тарихи тұлға – Мерген Сүттібайұлы Төке. Мерген Төке елге зорлық-зомбылық көрсеткен әкімдерге қарсы күресте көзге түскен. Алғаш Торғай дуаны құрылғанда, аға сұлтан болып келген Сүлеймен төре Жәңгірұлының өктем, теріс істеріне қарсы күресіп, елден қудырған. Сол Төкенің 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісін қолдаған, ақыл кеңесші болған адам. 16 жасында Қошқар батырдан бата алған Төке 1917 жылы 92 жасында өмірден өткен. Баласы Смағұл да ел мүддесін қорғаған ел жақсысы, би, шешен болған кісі. 13 жыл бойы Шұбалаң болысы қызметін атқарған. 1905 жылы Амангелді түрмеге түскенде,Санкт-Петербург қаласына барып, Ресей адвокаты Ф.Н.Плеваконың көмегімен батырды бостандыққа алып шығады. Смағұлдың антын бұзған ақ патшаның әйгілі жарлығы шығысымен-ақ қазақ жастарының тағдырына шырылдап араша түскен азаматтығы –халықтың мәңгі есінде сақталып қалған оқиға. Ел ағасы Есбергенұлы Қымбатпен бірге он адамды бастап 1916 жылғы тамыз айында губернатор М.М.Эверсманның Торғайда өткізген жиналысына да қатысады, дуанда арғын-қыпшақтың жақсы-жайсаңдарымен ақылдасып, бауыр еті балаларын ауыр азап пен қорлыққа толы әскери қара жұмыстан алып қалу үшін, патшаға елшілікке де барады.   Тағы бір баласы ұлтжанды, үлкен жүректі азамат Хакімбек  - Амангелдінің жақын жолдасы болған. Торғай жәрмеңкесіндегі әділетсіздікке қарсы жанжалдан кейін батыр екеуі бірге сотталған. Көтеріліс уақытында елбегі  боп сайланған. Бұл деректер бізге белгілі бөлігі ғана. Қазақтың азаттығы жолында атқа қонған ата-бабаларымызды ұлықтау, ерлігін кейінгілерге үлгі ету – біздің азаматтық парызымыз. «Аруақ разы болмай тірі байымайды» дейді қазақ. Бүгінгі ұрпағының қамсыз, мұңсыз өмір сүруінің жолында алдыңғы буындағы ата мен баланың да жанын қиғанын бүгінгі бақытты ұрпағы бағалар ма екен?! Оларды таныту үшін біз не істеп жатырмыз? Өкінішке орай, ұлт тәрбиелеуде үлгі ететін ұлы тұлғаларымыздың талайы лайықты бағаларын ала алмай келеді. Тар заманда жауын тұқыртып, тақымына басқан текті Торғайдың тарлан ұлдарының есімдері де, ерліктері де ел жадынан өшпеуі тиіс. Қорыта келе, ұлыларымызды ұлықтап, насихаттау арқылы ерлігімізді дәріптеп елдігімізді таныту  жолында баршаңызды бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын. Р/S: 2023 жылдың 3 сәуірінде халық батыры Амангелді Имановтың туғанына 150 жыл толмақ. Қазақтың азаттығы жолында ақ патшаның жарлығына қарсы шығып, қол бастаған қайсар ұлдың тұлға ретінде тарихтан ойып орын  алғалы қашан! «Өлі разы болмай – тірі байымайды» деген ұстанымды  жоғары қоятын халық үшін батырды ұлықтау – парыз. 1916 жылы қазақ даласын шарпыған ұлт-азаттық көтерілістің басты ошағына айналған Торғай даласында ерлігімен елге танылған Әбдіғапар әмір мен Кейкі мергеннен басқа тұлғаларды ел біле ме? Кеңес үкіметі кезеңінің идеологиясымен есімдері аталмай қалған немесе тарихи шындықтың бұрмалануымен ел тұлғаларының лайықты бағаланбағаны ақиқат. Көтерілісті құрылтаймен  мемлекет ретінде құрып, нышандарын белгілеп, ұйымдастырушы билер алқасы, мыңбасылар, елбегілер, қазынашылар мен тубегілер, сарбаздар мен ұста, тігіншілер, байланысшылар мен аспаздары болғанынан көпшілік хабардар болғанымен, жеткілікті біле бермейді. Батыр мерейтойы қарсаңында А.Иманов мемориалдық музейінің қызметкерлері музей сайты мен әлеуметтік желі парақшаларында біраз деректер жариялауды жоспарлап отыр.

Сахан Оңжанұлы.

А.Иманов атындағы Амангелді

мемориалдық музейінің басшысы.