А.Иманов музейіндегі құнды жәдігерлердің бірі – Айтбай Мұздахановтың домбырасы. Бұл аспап – Амангелді ауданының Құрметті азаматы, тағдырлы күйші, танымал композитор, Айтбай ағамызды ұлы өнер көшіне жетелеген алғашқы домбырасы екенін көпшілік біле бермейді. 1986 жылы музейге тапсырылған бұл домбыраны Айтекеңнің 9 жасында Ділдебаев Жиентай ақсақал жасап, сыйлаған екен. «Халықтың тұрмысы тіктеліп кете қоймаған 1950-1951 жылдары бас қосылған ортада Құрман, Омар, Біртай күйшілер осы домбырамен жиналған жұртқа күй шертіп, ән салып шаттыққа бөлейтін» деп еске алады аспап иесі. Әкесінен осы домбыраны үйреніп, тоғыз перне екі ішекке тіл бітірген бала Айтбай 70-ке тарта күй мен композиция, 40-қа жуық ән жазып халық сүйіктісіне айналды. Нұрғиса батасын беріп, жоғары бағалады. Бүгінде сексеннің сеңгіріне аяқ басқан өнерпаз Амангелді ауданының Қарасу ауылында тұрады.