Амангелді – байтақ еліміздің қасиетті өңірінің бірі. Бастауын көне Ұлытаудан алып, ұлы Торғай өзені мен Жалдама, Қарынсалды, Мойылдыны қоныстанған Амангелді ауданы туралы тарих беттерінде деректер аз емес және шектеліп қалмасы анық. Отан отбасынан басталады демекші, біздің кішкентай отанымыз туып өскен жеріміз Амангелді ауданының тарихына биыл 93 жыл толып отыр. Нақты құжаттарға сүйенсек, 1928 жылы 17 қаңтарда Қостанай облысында 15 аудан құрылған екен. Соның бірі – кешегі Батпаққара , бүгінгі Амангелді ауданы. 1936 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 20 жылдығына орай ауданға батыр Амангелді Имановтың есімі беріліп, сол күннен бастап Амангелді ауданы болып аталып келеді. Батыр атымен аталған ауданымыздың тарихы туралы әңгімелерді бала кезімізден естіп, өсіп келеміз. Сол тарихи әңгімелерді қатарын көз көрген қарияларымыздың бірі, еңбек ардагері, Амангелді ауданының құрметті азаматы, аудан тұрғыны Уахитов Балтабай атамыздың әңгімелерін  бейнетаспаға түсіріп, музей қорына қабылдау мақсатында 17 қаңтар Амангелді ауданының туған күні қарсанында  сұхбат ұйымдастырған болатынбыз. Сұхбатты музей ғылыми қызметкері  Ж.Досбергенов жүргізді. Әңгіме барысында аудан құрылғанына 93 жыл толуына орай еңбек ардагерінің ғұмырымен байланыстырып, бірнеше сұрақтарға жауап алдық. Сұхбат барысында Балтабай атаның қызмет жолдары, ауданымыздағы елеулі оқиғалар, денсаулық, білім, мәдениет салаларының даму тарихы, Амангелді ауданның айналып өтпеген ашаршылық жылдары, соғыс алдындағы колхоздастыру кезеңдері туралы сұрақтарға тұшымды жауаптар алынды. Қорытынды ретінде бүгінгі аудан ішінде атқарылып жатқан шараларды талқылап, халыққа деген құттықтауын жеткізді.

Амангелді Иманов атындағы музейдің  қызметкерлері баршаңызды ауданның туған күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақыт пен береке, ынтымақ пен бірлік тілейміз!Ауданымыздың келешек ұрпағы зиялы, қарияларымыз аман болсын. Болашағы зор, 93 жылдығымыз құтты болсын!