Қазақстанның аса көрнекті тұлғалары музейлерінің қауымдастығы 2018 жылы құрылған болатын.Таяуда,осы қауымдастыққа енген музейлердің арасында «Ұлы даланың ұлы есімдері» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Қостанай облысынан А.Иманов мемориалдық музейінен бөлек, Ы Алтынсарин және Торғай Мұражайлар кешені қатынасты.Конференцияны ұйымдастырушы-Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейлерінің қауымдастығы.Сапар барысында тұлғалық музейлер арасында өзара іскерлік байланыс орнату мақсатында меморандумға қол қойдық.Конференция жұмысы аясында пленарлық және секциялық мәжілістер өткізіліп, мәселелер талқыланды.Жиын материалдары арнайы жинақ ретінде құрастырылып,таратылды. «Тарих және тұлға» атты көрме ұйымдастырылып,әр музей өздері әкелген құнды жәдігерлермен келушілерді таныстырды.А.Иманов музейінен арнайы апарған Тілеулі батырдың қанжары, Аманкелді батырдың әйелі Балымның әшекейі, мыңбасы Әлжан Қарабайұлына зергер Садуақас Көгентайұлы сыйға тартқан кісе белдігі қойылды.Тәжірибе алмасу мақсатында қаладағы «Алаш арыстары» музейі мен Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық музейіндегі іс-шаралармен таныстық.Сапар Бөрілідегі М.Әуезов музейі мен Жидебайдағы Абай мен Шәкәрім музейлерінде жалғасты.Жол бойында М.Әуезовтың әлем таныған «Абай жолы» романындағы сипатталатын қоныстарды,Күшікбай бұлағы, Еңлік-Кебек мазары сияқты тарихи орындарды өз көзімізбен көріп, зор рухани әсер алып қайттық.